Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қызмет етеді

573

Жыл басындағы ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауындағы жеңісінен соң «Nur Otan»  партиясы сайлауалды бағдарламасын іске асыруға кіріскені көпке мәлім. Халық көкейіндегі жүрген көптеген түйткілдің түйінін тарқатуда ауқымды мақсат-міндеттер жүктелген бағдарламаны қолға алуда партия жұмысына соны серпін, жаңа механизмдерді енгізу қажет-ақ. Әсіресе бағдарламаның жекелеген басымдықтарын жүзеге асырудың барысына бақылау жүргізуде қоғамдық кеңестерге зор жауапкершілік артылмақ.

Облыс әкімі, «Nur Otan»  партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың қатысумен өткен Саяси кеңесі Бюросының отырысында партия облыстық филиалының жанынан 10 қоғамдық кеңестің құрылғаны белгілі болды. Алдағы уақытта бұл кеңестер өздерінің салалық бағыттары бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың барысына қоғамдық бақылау жүргізетін жұмысшы органға айналмақ.

Сәйкесінше маған жаңадан құрылған экология кеңестің жұмысына жетекшілік ету міндеті жүктелді. Экологиялық кеңес партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының «Ұқыпты қоғам – таза экология» аталатын басымдығы   және өзге де экологиялық проблемалар бағыттары бойынша құрылды.

Кеңеске кәсіпкерлік, білім, коммуналдық шаруашылық салаларымен бірге БАҚ өкілдері, блогерлер және үкіметтік емес ұйымның жетекшілері де мүшелікке өтті.  Жұмысшы органның сапалық құрамын жасақтау кезінде мүшелікке мүмкіндігінше үкіметтік емес ұйымның жетекшілері мен азаматтық қоғам өкілдерін көптеп тартуға басымдық берілді. Соның есебінен кеңес құрамында аталған санатқа жататын мүшелердің үлесі 33 пайызды құрайды.

Өз қызметі аясында кеңес партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасы индикаторларының іске асырылуын және орындалуына мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ қолданыстағы  Қазақстан Республикасының экология саласындағы заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеп, экологиялық жобаларды іске асыруға ықпал етеді. Партияның сайлауалды бағдарламаларындағы индикаторлармен бірге кеңес мүшелері экологиялық заңнаманың сақталуына қоғамдық бақылау жасайды.

Кеңес отырысында  мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар басшыларының, сондай-ақ олардың орынбасарларының және басқа да ұйымдардың партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша есептерін тыңдау жоспарланған. Мұнан бөлек көшпелі отырыстар ұйымдастырылып, кеңестің салалық бағыттары бойынша азаматтарды сұрақтарымен қабылдаулар жүргізілмек. Бір сөзбен айтқан партия филиалы жанындағы бұл кеңес өңір тұрғындары үшін ең өзекті мәселе саналатын экология мәселесін шешуде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қызмет етеді.

Фарида ЖҮНІСОВА,

облыстық мәслихаттың депутаты,

Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы

экологиялық қоғамдық кеңестің  төрайымы

Leave A Reply

Your email address will not be published.