Татулық пен келісім – ұйыстырар ел ішін

23

Аса ауылындағы орталық алаңда аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» атты мерекелік кеш өтті. Кеште өнер көрсеткен аудан мектептерінің ұстаздары мен оқушылары өңірдегі этнос өкілдерінің бейбітшілік пен келісімде тату-тәтті өмір сүріп жатқанын патриоттық сарындағы әндерімен жеткізіп, билерімен әспеттеді.

Айтулы шарада М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің өнерпаздары қазақ халқының терең тарихы мен ата-баба даналығын «Ататолғау» биімен бейнелесе, Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің бишілер тобы «Көктем» биімен, Айша-бибі орта мектебінің өнерпаздары «Қызғалдақ» биімен жыл мезгіліне, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін паш етті. М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің «Вокалды трио» тобы «Туған ел» әнімен Отанға деген махаббатты дәріптесе, Төле би атындағы, №2, №3, Бірлесу-Еңбек орта мектептерінің бишілері «Қолшатыр» биімен, жастар жағы заманауи флэшмобымен өскелең ұрпақ жарқын келешекке қадам басып келе жатқанын көрсетті. М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің өнерпаздары «Бипыл» биімен ерекшеленіп, көрерменнің кошеметіне бөленді.

Алаңдағы көпшіліктің көңілі көтерілген кезде ортақ шаңырағымыз биік, керегеміз кең болсын деген ниетпен ортаға шаңырақ шығарылып, «Қара жорға» биі орындалды. Ы.Алтынсарин, Т.Рысқұлов, Ә.Ысмайылұлы, А.Матросов, Т.Тоқтаров, Б.Кейкиев, Ә.Тарази, Қ.Сартбаев, М.Әуезов, Абай атындағы, №7, Гродеково, Еңбек, Жамбыл, Шайдана, Жасөркен орта мектептерінің бишілері ретімен түрік, өзбек, грузин, орыс, ұйғыр, күрді, дүнген, татар билерін билеп, этностардың мәдениеті мен өнеріне деген құрметін көрсетті.

Бейбітшілік пен достықты дәріптеген мереке ұстаздардан құрылған вокалды топтың орындауындағы «Атамекен» әнімен түйінделді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.