Таразда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтті

52

Бүгін Тараз қаласында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, онда филиалдың соңғы екі жылда атқарған қызметтері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін арттыру, ішкіпартиялық тәртіпті нығайту, партия активінің жауапкершілігін арттыру міндеттері кеңінен айтылды.

Партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өткен келелі жиынға «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Қаныбек Жұмашев, партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің, Саяси кеңесі Бюросының мүшелері, партия Тараз қалалық, аудандық филиалдарынан сайланған делегаттар, этно-мідени бірлестік жетекшілері, ҮЕҰ төрағалары, саяси партиялар, жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Шарада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы партия облыстық филиалының екі жылда атқарған жұмыстары мен жетістіктері, алда тұрған межелі міндеттері туралы баяндады. Бүгінде аймақта 337 бастауыш партия ұйымы және онда 69039 партия мүшесі бар екен. Олардың қатарында белсенді жастар, өндіріс саласындағы жас мамандар, шағын және орта бизнес өкілдері, спортшылар, мәдениет саласының қызметкерлері және мемлекеттік қызмет атқарып жүрген белсенділер бар. Биылғы шілде айынан бері партияның 20 бастамашыл жобасы қолға алынған. Жоба аясында бастауыш ұйымдардың жұмысы мен есептілігін цифрландыруға көшіруге бағытталған «Партияның автоматтандырылған дерекқоры», «Е-Жарналар», «Е-Талдау» сынды жаңа форматтағы жобалары, «Е-құжат айналымы» «Балаларға арналған тегін IТ сыныптар» сынды жобалар өз жұмысын бастап отыр.  Айта кетерлігі,  балаларға аранлған тегін IТ сыныптар бүгінгі күнге Тараз қаласы мен аудандарда 12-сі ашылды. Аталған ІТ-сыныптарда межеленген 1300 оқушы білім алуда. Өз сөзінде партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Сәтті қадам» сынды әлеуметтік мәні зор жобалардың әкелген жемісін де атап өтті.

Сондай-ақ, конференцияда партияның облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Жарылқасын Айтақов атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Комиссия тарапынан жүргізілген тексерулер мен талдаулар барысында партияға кіру және мүшелік жарна төлеу, бухгалтерлік есеп пен шығыс сәйкестігін бақылау, партия бюджетін орындау және оның тиісті түсімдермен толықтырылуы, берілген лимиттер мен филиалдардағы  материалдық құндықтардың сақталуы сияқты мәселелер басты назарда болғанын айтты. Өз кезегінде партия облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Бақыт Әлмұратов және партия облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Бахтияр Алдашов бақылау жұмыстарының нәтижелерін сөз етті. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржы бөлінген нысандардағы кемшіліктерді тілге тиек етіп, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардағы жөнсіздіктерді ашып айтты. Сонымен бірге жиында партияның Меркі аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, партия Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова есепті кезеңдегі атқарылған жұмыстардың нәтижелі жақтары туралы баяндады. Жарыссөзге жазылып, мінберге көтерілгендердің барлығы баяндамашының есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.

Конференция жұмысын қорытындылаған партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Исабекұлы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда алдыңғы шепте партия мүшелері тұруы керегін айтып, нақты тапсырмалар берді.

Конференция соңында патия облыстық филиалы Саяси кеңесінің құрамы сайланып, Саяси кеңестің алғашқы отырысы өтті. Саяси кеңес отырысында партия облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының жаңа құрамы сайланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.