Сотталғандарды жұмыспен қамту жолға қойылуда

148

Түзеу мекемелеріндегі еңбек дағдысы — болашақтағы табыс кілті. Оның үстіне, сотталғандар бостандыққа шыққан соң табыс көзін іздейтіні белгілі. Демек, оларды жұмысқа тарту мәселесіне жазасын өтеп жүрген сәттен бастап көңіл бөлген дұрыс.


Бүгінгі таңда осы мәселені шешу үшін өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті тарапынан кешенді іс-шаралар қолға алынған. Мәселен, жеке кәсіпкерлермен әріптестік қарым-қатынас орнатылуда. Соның нәтижесінде түзеу мекемелерінде жұмыс орындары ашылып, жазасын өтеушілер «екі қолға бір күрек» тауып отыр.

Қазіргі таңда қатаң режимдегі ЖД-158/4 мекемесінің аумағында орналасқан 7 жеке кәсіпкерлікте 71 сотталған азамат жұмыс істейді. Солардың бірі — Дидарбеков жеке кәсіпкерлігі. Жуырда ғана жұмысын бастаған жеке кәсіпкерлікте бұл күні 6 жазасын өтеуші азамат еңбек етуде. Олар халық тұтынатын тауарлар шеберханасында түрлі ағаш бұйымдарын жасауда.

Мекеменің сотталғандар еңбегін ұйымдастыру тобының бастығы Маржан Сағындықованың сөзінше, шағын және орта бизнес өкілдерімен қарым-қатынас орнату арқылы көптеген түйткілді мәселелерді шешуге болады, тек жан-жақты қолдау және мүдделік таныту қажет.

— Жеке кәсіпкерлерді түзеу мекемелерінің аумағында жұмыс істеуге шақырамыз. Біле білген адамға бұл өте ұтымды болмақ, себебі өз жұмысын түзеу мекемесінде бастаған кәсіпкер еңбекке тартылған жазасын өтеушіге көп қаражат төлемейді, ең бастысы еңбекке тартыламын дегендер аз емес, – дейді М.Сағындықова.

Сабыр БОЛАТ,
Журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.