«Сеул жастары сейілге емес, білімге құмар»

566

Махамбет РАҚЫМЖАНОВ, Жамбыл аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры

– Махамбет Дүйсенбекұлы, Жамбыл ауданы мемлекеттік жастар саясатын жүргізуде біраз тәжірибесі бар өңір. Оған ауданның облыстық рейтингте бірнеше жыл қатарынан көш бастағаны дәлел. Қазіргі жағдай қандай? Аудандағы жастар саясатын іске асыру өз деңгейінде ме?
– Әрине, жастар саясаты міндеттемелерінің ауданда сәтті орындалып, діттеген межеге қол жеткізуіміздің басты себебі – жастарға жасалған жағдайдың дұрыстығында. Өздеріңіз білесіздер, 2008 жылы аудан әкімінің қамқорлығымен орталыққа бөлек ғимарат беріліп, оған күрделі жөндеу жүргізіліп, жастар бір марқайып қалған. Қысқасы, ол ғимаратта жастар саясатын іске асыруға мол мүмкіндік қарастырылған. Соңғы көрсеткіш бойынша біздің ресурстық орталық көш бастамаса да, қазір үшінші орында тұрмыз. Бұл да жаман нәтиже емес, соған қарамастан бұдан да жоғары орындардан көріну үшін босаңсымай, барынша тырысып келеміз. Оның үстіне 2018 жылдың маусым айына дейін орталықта 41 адам жұмыс істесе, қазіргі штаттық бірлік 45 адамды құрап отыр.
Жалпы, ауданда жастар саясаты аясында атқарылған жұмыстар туралы жіпке тізгендей айта берсе болады. Ең бастысы, қазір аудан жастарының әлеуметтік мәселелеріне көбірек көңіл бөлініп келеді. Өйткені, аудан халқының 24 пайызға жуығын құрайтын жастардың үлкен күшке ие екені белгілі. Сондықтан, жастардың шешілмей жатқан проблемаларына араласып, қолдап жіберу мемлекеттік саясаттың бұлжымас бір бөлігі болып қала бермек.
Сөзім дәлелді болу үшін ауданда ресурстық орталық жанынан жастар арасында туындап отыратын проблемаларды анықтап, оның алдын алу мақсатында түрлі саланың басшылық өкілдері мен білікті мамандары топтастырылған жастарға кеңес беру кабинеті ашылғанын айта кетейін. Аталмыш кабинет арқылы екінші тоқсанның соңына дейін 615 жас керекті кеңестерін алды.
Сондай-ақ, бұқаралық спортпен қамту бойынша да ауыз толтырып әңгімелеуге болады. Айталық, жастарды спортпен қамтудағы индикаторлық жоспар 40,1 пайыз, яғни 7 813 жас болса, бізде ол көрсеткіш 8 183 жасты құрады (42 пайыз).
Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу, NEET жастармен жұмыс жүргізу, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жастарды тарту, жергілікті жерлерде мүмкіндігі шектеулі жастарға қолдау көрсету сынды негізгі бағытымыз бойынша біраз шаруа қолға алынды. Одан бөлек, «Жасыл ел» еңбек жасағы бойынша ауданға қарасты Қарасу, Аса, Өрнек ауылдық округтерінде 5 жасақ құрылып, 54 адам жұмысқа жұмылдырылды.
Сонымен қатар, жаңадан қолға алынып жатқан «Zhas project» жобасына аудан атынан 36 жоба тіркеліп, олардың 15-і жеңімпаздар қатарына ілікті. Енді олар қайтарымсыз 1 мил­лион теңгеге дейінгі грантқа ие болмақ.
– Жастарды жұмыспен қамту көрсеткіштеріңіз қандай? Белгіленген межеге жете алып отырсыздар ма?
– Біздегі жұмыссыз жастардың саны бүгінде – 322. Олардың 11-і – NEET жастар.
– Бұл тек тіркелгендері ғана ғой?..
– Жоқ. Тіркелмеген жұмыссыз жас жоқ. Біз өзіміздің әр округтегі мамандарымызға дәл осы мәселе бойынша тапсырма бергенбіз. Олар мүмкіндігінше барлық жұмыссыз жастарды анықтап, бізге есебін беріп отырады. Сондықтан, тіркеуден қалып кеткен бірен-саран жас болмаса, бұдан артық жоқ деп айтуға болады. Өйткені, көбі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендіктен не жұмыссыз ретінде тіркелгісі келмейді, не тұрақты жұмысы барлар санатында жоқ. Бұл жерде жұмыссыз жастарды анықтап, тіркеуден бөлек олардың жұмысқа орналасуына ықпал ету жағы және бар. Айтайын деп отырғаным, біз жыл соңына дейін тапсырма бойынша 886 жасты жұмыспен қамтуымыз керек. Ал, ол индикаторлық көрсеткішке енгізілгеннен кейін, қалай да болсын орындалуы тиіс. Бірақ, бұл көрсеткішке қол жеткізу мүмкін болмай тұр. Бізде ашылып жатқан өнеркәсіп орындары да көп емес. Одан бөлек, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша биыл ауданда 269 адам жұмысқа орналасуы керек. Яғни, аудандық және республикалық бюджеттен осыншама орынға ғана қаражат қарастырылған. Ал, бізге берілген индикаторлық көрсеткіш бойынша 299 жасты жұмысқа орналастыруға міндеттіміз. Сол себепті, мұндағы қарама-қайшылық та бізді тығырыққа тіреп отыр. 269 адамға бөлінген қаржымен 299 адамды жұмыспен қамту, шынын айтқанда қисынға келмейді.
– Қазбалай берсек, жастардың жұмыссыз жүруінің себептерін көптеген мысалмен түсіндіруге болады. Көп жағдайда кәсіби білім-білігі төмен деген сылтаумен үлкен өнеркәсіп орындары, тіпті, шағын еңбек ұжымдары да кей жастарды жұмысқа алғысы келмейді. Осы ретте, білім алу, жастардың оқып жатқан мамандығына деген жауапкершілігі тұрғысынан әңгіме өрбітсек. Қанша дегенмен Кореяда оқып келдіңіз. Ондағы студенттердің бойынан қандай ерекшелік байқадыңыз?
– Мақтанғаным емес, менің қазір үш түрлі мамандық бойынша дипломым бар. Магистратураны оқу кезінде елімізде жастарға жасалған қолдаудың арқасында шетелде – Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында білім алу бақыты бұйырды. Байқағаным, біздің ел мен ол жақтағы білім беру жүйесі екі түрлі. Онда студенттерге өз еріктерімен білім алуына барынша мүмкіндік берілген. Яғни, кореялық студенттер күнделікті оқу жоспарын өзі түзеді. Біздегідей қатып қалған 6-7 «пар» сабақ емес, азанда екі, кешке екі «пар» оқыса болады. Мұғалім мен студенттің кездесуі өте сирек, яғни берілген тапсырманы қалай, қайда орындаймын десең, өз еркің. Тек белгіленген уақытта мұғаліммен жолығып, орындаған тапсырмаңды көрсетесің. Әрине, біздің елде де осындай жүйеге көшіп жатыр ғой, бірақ Кореядағыдай өркендей қойған жоқпыз, салыстыруға келмейді. Жастарының білімге деген құштарлығы да біздегіден анағұрлым жоғары. Көбіне оларды кітапханадан табасың. Одан бөлек, білім алуына, өнер қуып, бос уақытында пайдалы дүниемен айналысуына мол мүмкіндік қарастырылған. Мәселен, жатақхананың өзінде тәртіп керемет. Онда бір бөлмеде екі студенттен артық ешкім орналаспайды. Біз жатқан жатақханада елу компьютер ғаламтор желісіне тәулік бойы қосылған. Кез келген уақытта тегін пайдалана аласыз.
Осы жерде бір мысал келтіре кетейін. Жатақхана бөлмесінің терезесінен көрші корпустағы кітапханадан бір кореялық студенттің ұзақ отыратынын байқайтынмын. Біз түнде ұйықтауға жатқан кезде кітапқа үңілген оның біз азанда оянған кезде де сол ісімен айналысып отыратынына қайран қалатынбыз. Тек оған ғана емес, кітапхананың жабылмайтынына риза боласың. Ал, спортпен шұғылданамын десең бүкіл инвентардың бәрі бар. Яғни, білім аламын десең бар жағдай қарастырылған. Оқып жүріп те жұмыс істеуге еркіндік берілген. Біз оқыған университеттің шамамен 30 пайыздайы сол оқу орнында-ақ жұмыспен қамтылып қойған екен. Олар көбіне шетелден келген студенттерді күтіп алу, ары-бері алып жүру деген сияқты дипломатиялық қызметтерге осы бастан араласып жүр. Бізді күтіп алған 3 студент оқуымыз аяқталғанша қасымызда қызмет көрсетіп жүрді. Мұның бәрін тамсана айтып отырған себебім, жұмыссыздық дегеннен шығып отыр ғой, біліммен қаруланған адамның алмайтын асуы жоқ екеніне, жерде қалмайтынына көз жеткіздік. Біздегі жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешу үшін, кәсіпорындар үздіксіз жұмыс істеп тұру үшін, шын мәнінде білім керек. Оны тәрбиемен ұштастыра білсек, биікке жетеріміз анық. Әлгінде үш мамандықты меңгергендігім туралы бекерге айтып отырғаным жоқ. Әйтеуір, бірімен болмаса біреуімен жұмыс тауып әрі мемлекетке қызмет етіп, қоғамға да пайдаңды тигізесің. Сондықтан, бүгінгі буынның бойынан жалындаған жастықпен қатар, оқу-білімге, өнерге, жұмысқа деген талпынысты көргім келеді. Әрине, бірден Кореядағыдай бола қалу қайдан. Бірақ, елімізде жастарға мол мүмкіндік ашу, білім алуына бар жағдайды жасау мәселесі жылдан-жылға жетіліп, нәтижесін беріп келеді.
– Кәсіпкер­лікпен айналысып, бизнестің төңірегінде жүрген аудан жастары жайлы айтып өтсеңіз…
– Өткенде салық басқармасынан сұрастыр­ғанымда, ауданда шамамен 300-ден аса жеке кәсіпкер бар екенін білдім. Бірақ, олардың көбісі кезінде жеке кәсіпкерлігін ашып қойған, белгілі-белгісіз себептерге байланысты қазір жұмыс істемейді. Ал, белсенді түрде 11 жас азамат кәсіпкерліктің қазанында қайнап жүр. Олармен кеңесшілеріміз арқылы тығыз байланысымыз бар, бірақ, үнемі қолы босай бермейтіндіктен көп шақыртуларымызға келе алмай қалып жатады. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша бүгінде кеңесшілеріміздің тікелей жолдауымен жұмыспен қамту орталығы арқылы 4-5 жас кәсіпкерлік бастамаларының оқуын оқыды. Солардың ішіндегі үшеуі биыл несие алды.
Сонымен қатар, осы ауданның тумасы, аз ғана уақыттың ішінде еліміздегі белгілі кәсіпкерлер қатарына қосылған Қуаныш Шонбай есімді жерлесіміздің бүгінгі ұрпақтың білім алуына, біліктілік деңгейін арттыруына септігім тисін деген бастамасымен зияткерлік мектебі ашылған. Онда республиканың кез келген аймағынан интеллектуалы жоғары балалар өтініш білдіріп, 5-11-сынып аралығында осында білімін шыңдауына болады. Мұнда балалар өз қызығушылығы артқан мамандығы бағытында білім ала алады. Бұл мектептен де оқушылар кәсіпкерлік негізінен дәріс алып, бизнес бастамаларымен де сусындап шығады деген сенімдемін.
– Елімізде жастар саясаты алғашында замандастарымызды алаулатып-жалаулатып түрлі науқандық іс-шараларға қатыстырумен, ірі жиындардағы «тірі декорацияға» қолданумен ғана айшықталса, бүгінде тұжырымдама ауқымы күрделене түскен. Яғни, әлеуметтік мәселелер біртіндеп қамтылуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында біршама жастар жұмыспен қамтылып, бизнеспен айналысуына көп мүмкіндік ашылып жатыр. Дегенмен, сәт сайын жаңарып отырған жаһандық өзгерістерді ескерсек, жастар саясаты тұжырымдамасының әлі де жетілдіре түсетін тұстары бар ма?
– Жастар саясатының әлі де жетілдіруді қажет ететіні рас. Оны өткендегі жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында облыс әкімі де айтып қалды. Яғни, аймақ басшысы жастар ресурстық орталықтарының жұмыс бағытының ережесін өзгертуден бастау керектігін ұсынды. Шындап келетін болсақ, жастар орталықтарының негізгі бағыты – кеңес беру, жастардың бос уақытын ұйымдастыру, Елбасы саясатын, Жолдауларын, айтулы күндерді, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау сынды қызметтерге бөлінеді. Рас, ілгеріректе өзіңіз айтқандай жастар форум, флешмоб, дөңгелек үстел сынды жиындарға жиі қатыстырылатын. Қазір межелік жоспарлар қойылғаннан кейін, саясаттың бағыты шындап өзгерді.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.