Сенатор Сәкен Арубаев Жамбыл облысында Президенттің агроөнеркәсіпті дамыту туралы тұжырымын жеткізді
Парламент Сенатының депутаты Сәкен Арубаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысындағы Жуалы ауданында болып, өңірдегі агроөнеркәсіп және өндіріс әлеуетін қалыптастыратын кәсіпорындар мен білім беру нысандарының жұмысымен танысты.
Сенатор Бауыржан Момышұлы ауылында жергілікті сүт шикізатын өңдейтін ірімшік зауытында болды. Кәсіпорын сүтті қабылдау мен пастерлеудің заманауи желісімен, сондай-ақ өнімді өндіруге және буып-түюге арналған жабдықтармен жабдықталған. Зауыттың жұмысы ішкі нарықты қамтамасыз етуге және тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталып отыр.
Сәкен Арубаев сапар барысында «Ақсай Жуалы» ЖШС минералды сусындар өндіру зауытының жұмысымен танысты, «Ali-Ko SUT» сүт цехында, сондай-ақ аграрлық сала мамандарын даярлайтын №16 Жуалы колледжінің агрошаруашылық базасында болды. Бұл оқу орнының өндірістік алаңдары, ауыл шаруашылығы техникасы және практикалық оқытуға арналған зертханалық базасы бар.
Сенатор аграрлық секторға маман даярлау барысында жас кадрларды тәжірибеден өткізудің маңыздылығын атап өтіп, колледж басшылығына оқытудың нормативтік тетіктерін жетілдіру және қолданбалы бағыттарын дамыту жөнінде ұсыныстар дайындауды ұсынды.
Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатындағы мал шаруашылығын дамыту және аграрлық секторда мемлекеттік инвестицияны пайдаланудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігі туралы тұжырымдары аграрлық сектор өкілдерімен кездесу барысында атап өтілді. Президент сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерінің кооперациясын кеңейту, оның ішінде сүт және ет өнімдерін жинау және өңдеу саласының маңыздылығына тоқталған болатын.
Фермерлер Президенттің сұхбатында белгіленген бағыттарға қолдау білдірді. Сондай-ақ олардың мал шаруашылығын дамыту мен кооперация және өндіріс тиімділігін арттырудағы маңызын атап өтті.