Семей полигонынан зардап шегушілерге ескерткіш ашылды

200

Биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл. Осыған орай бүгін аудан орталығы Жаңатас қаласында орналасқан «Даңқ» монументінің бір бұрышынан бой көтерген құлпытастың ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастаған мемлекеттік қызметкерлер, «Семей полигонынан зардап шегушілер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, ардагерлер және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

«Тәуелсіздік алған алғашқы жылы Семей полигонын жабу жөнінде бастамаға күллі ел болып қолдау білдіргеніміз тарихтан аян. Жарылыс салдарынан зардап шеккен жергілікті халықтан бөлек, сол аймақты тазарту жұмыстарына тартылған адамдардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Сол үшін де ол кісілердің ерлігін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау қажет», — деді жиында алғаш болып сөз алған аудан басшысы Марат Қырғызәліұлы.

Аудандық «Семей полигонынан зардап шегушілер» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Орынтай Ізтай мен Әмірбек Жеңісбек тарихи ескерткіш үшін аудан әкімдігіне үлген алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ, аудандық «Манас» қырғыз этно-мәдени орталықтың жетекшісі, еңбек ардагері – Алтай Сатыбеков сол зұлмат заманның өткенінен сыр шертетін жүрекжарды жыр жолдарын оқыды.

Салтанатты жиын соңында аудан әкімі мен аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Орынтай Ізтай құлпытастың жабуын бірге түсіріп, ескерткіштің бетін ашты. Жиылған көпшілік ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Сарысу ауданы әкімі Баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.