Өңір экономикасын өркендеткен өндіріс ошағы

586

Жамбыл жері – фосфордың отаны. Қарт Қаратаудың қойнауындағы химиялық элементтің осы бір түрінің өндірісін жүйелі жолға қою өңір экономикасын өрге сүйреудің өзегіне айналғаны ақиқат. Қазіргі таңда аймақта өндірілетін фосфор Еуропаның кей мемлекеттері мен Орта Азия елдерінің егістік алқаптарында кеңінен қолданылатын минералды тыңайтқыш саналады. Осы орайда, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жаңа Жамбыл фосфор зауытының ұжымы жарты ғасырға жуық уақыт бойы шикізатты күрделі химиялық реакциялар арқылы минералды тыңайтқышқа, қала берді ауыр өнеркәсіптің өзге салаларында кәдеге жарайтын өнімге айналдырумен айналысып келеді. Өндіріс орны енді бірер күнде өзінің 40 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтпек.

Кіші Қаратау жотасының етегінде орналасқан алып өндіріс ошағы мен облыс орталығының арасы небәрі 15 шақырым болса да, мұнда зауыт қызметкерлерінен өзге ешкімнің жолы түсе бермейді. Тіпті, Таразға таяу маңда Қаратаудың иен байлығын халықаралық брендке айналдырып, жыл сайын облыс экономикасына мол табыс әкелетін алпауыт зауыттың бар екендігін көбіміз біле бермейміз. Ара-тұра қаланың батыс жағы көкке көтерілген қою түтінмен тұманданғанда ғана 3 000-нан астам қызметкері бар өндіріс орнындағы қызу тіршіліктің қайнап жатқаны еске түседі.
Сағат сайын шаһар мен өндірістік қалашық арасына қатынайтын қызметтік автобустың артқы орындықтарының біріне келіп жайғасқан біздегі мақсат алғашқы өнімін бергеніне 40 жыл болған зауыттың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысу еді. Межелі мерзімде аялдамаға келіп тоқтап, сәл ғана аялдаған автобус бірен-саран қызметкерді жұмысқа уақытысында жеткізуге асықты. Зауыт басшылығы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын бірінші кезекке қоятынын тасымал мәселесін ұтымды ойластырғанынан-ақ аңғаруға болады. Сүтпісірім уақыт ішінде 15 шақырымды артқа тастаған көлік зауыт аялдамасына келіп тоқтады.
Іргетасы сонау 1970 жылы қалана бастаған зауыттың жобасын Ленинград ғылыми-зерттеу және жобалау институты жасаған екен. Ал, өндірістік ғимараттардың құрылысын жүргізуге Кеңес одағындағы ірі құрылыс комбинаттары тартылыпты. 1978 жылдың 27 желтоқсанында мемлекеттік қабылдау комиссиясының мүшелері зауыт құрылысының бірінші кезектегі кешенін іске қосу актісіне қол қойды. Содан бергі уақыт ішінде өндіріс ошағы үздіксіз жұмыс жасап келеді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңін бастан өткеріп, білікті мамандарын жоғалтқан кәсіпорын лезде ес жиды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары зауыт әуелі «НОДФОС» акционерлік қоғамына берілді. Кейіннен өндіріс ошағына «Қазфосфор» ашық акционерлік қоғамы иелік етті. 1999 жылы 21 қазанда ҚР Үкіметі қаулысына сай «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, 2000 жылдың мамырынан зауытты өз меншігіне алды. Зауытқа химия өнеркәсібінің ардагері Леонид Франгулиди басшылық жасайды.
Жолбасшымыздың бастауымен зауыттың «жүрегі» деп атаған №5 цехқа кіріп келдік. Алып пештердегі өте жоғары температурада сары фосфор өндіру процесі қарқын алған. Пештің төменгі бөлігінен өнім «отты өзен» болып ағып, суыту орнына жөнелтіліп жатыр. Цехтағы аса күрделі химиялық үдерістердің барлығына технологтар басқару орталығы арқылы бақылау жасауда. Цехтың басқару орталығы «Honeywell» деп аталатын компанияның технология құрылғыларымен жабдықталған. Ширек ғасырдан бері өндірістік технология саласында еңбек етіп келе жатқан №5 цех технологы Сәрсенбек Абдалимов – өз жұмысын жетік білетін мамандардың бірі.
– Зауыттағы барлық цехтарда ұсақтаудан өтіп, агломератқа айналған шикізат біздегі пештерде 1 800 градусқа дейінгі температурада қыздырылады. Пешке фосформен бірге кварцит те салынады. Элементтерді қыздыру үшін белгілі бір мөлшерде электр тогы және кокс қолданылады. Температурамен еріген агломераттан шлак және газ бөлінеді. Газды сүзгілеуден өткізген соң қайта өндіріске пайдаланамыз. Осында бөлініп шығатын газ зауыттың көгілдір отынға сұранысын толығымен қамтиды. Процесс кезінде пештен бөлініп шыққан газдың құрамында шаң-тозаңдар болады. Сүзгіден өткен шаң-тозаңдардан котрельді сүт атты сұйықтық алынады. Зауытта соңғы жылдары ғана қолға алынған котрельді сүтті тыңайтқыш ретінде қолдану жобасы сәтті жүзеге асырылды. Бұл – химиялық реакция кезінде бөлінген газ. Процесс кезінде сондай-ақ, шлак және ыстық фосфор алынады. Алдымен пештен шыққан фосфорға су бүркіледі. Сол арқылы оның температурасын 400-500 градусқа дейін түсіреміз. Салқындатылған фосфор келесі кезеңде арнайы насоспен айдалып, тауарлы фосфорға айналдыру кешеніне жол тартады. Ал, өнімнен бөлек пештің төменгі бөлігіне түскен шлакты қазір цемент, шифер сынды құрылыс материалдарының өндірісіне қолдану тәжірибесі енгізілді. Сол арқылы зауыт толығымен «қалдықсыз өндіріске» айналды. Тіпті, фосфорды суытуға жұмсалатын судың өзі сумен қамтамасыз ету және кәріз цехында қайта өңделеді, – дейді Сәрсенбек Тұрсынбекұлы.
Цех технологы «қалдықсыз өндіріс» жобасының аясын кеңейту арқылы Тараз-Аса тасжолының бойында тау болып үйілген зауыт қалдығын қайта өңдеу арқылы пайдалану мүмкіндігінің қарастырылып жатқандығын атап өтті. Қала экологиясына кері әсер етіп жатқан қалдық қайта өңделіп, калий тыңайтқышы өндірісінде химиялық қоспа ретінде пайдаланылатын болады.
Зауыт бір жылда 120 мың тонна сары фосфор, 120 мың тонна фосфор қышқылын және 120 мың тонна натрий трополифосфаты мен 3 мың тонна фосфор тұзын өндіруге қауқарлы.
Бүгінде сан қатпарлы химия өнеркәсібінің көптеген саласында, ауыл шаруашылығында, ауыр металлургияда фосфор мен оның қоспалары көптеп қолданылады. Демек, Жаңа Жамбыл фосфор зауытының өнімдеріне сұраныс жоғары. Өнімнің сапасы да еуропалық алпауыт кәсіпорындардың өзін тәнті еткен. Қаратаудың иен байлығын игеріп, халықаралық нарықтың фосфорға деген сұранысын өтеп келе жатқан өндірістік кешен жұмысының мінсіздігін онда өндірілген өнімнің Испанияда «Алтын Арка» және Данияда «Алтын Глобус», Мексикада «Гауһар жұлдыз» сыйлықтарына ие болуынан байқауға болады.

Жамбыл Жаңа фосфор зауыты химия өнеркәсібіндегі өзіндік орны бар өндіріс ошағы саналады. Қарт Қаратаудың қойнауындағы қазынаны елдің игілігі етіп отырған кәсіпорынның қарышты қадамы көзді тойдырып, көңілді сүйсіндіреді. Фосфор өндірісінде республика бойынша жетекші саналатын зауыт ұжымының болашақта да толайым табыстарға қол жеткізіп, бедел биігінен көріне беретіндігі күмән тудырмайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.