Облыста 61 мәдени нысан қысқартылады

646

Облысымыздың мәдениет саласына қарасты 61 мекеме оңтайландыру мақсатымен қысқартылмақшы. Олардың ішінде 11 нормативке сәйкес келмейтін клуб, 18 жекеменшікте орналасқан кітапхана, 22 киноқондырғы мен 10 бейнемобиль бар. Соның нәтижесінде 49 миллион 941 мың теңге үнемделмек.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникация қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев мәлімдеді.
Аталмыш мекемелердің қысқартылуымен бірге басқармаға қарасты 12 архив, 3 кітапхананың есеп-санақ бөлімдерін орталықтандыру жолымен оңтайландыру жұмыстары да жүргізіліп жатқан көрінеді. Алайда, халықтың рухани-мәдени сұранысына лайықты қызмет көрсету мүлдем азаймайды. Керісінше, заманауи іс-шаралар қатары арта бермек.
Ауыл кітапханаларын жаңғырту, оқырмандар тарту мақсатында цифрландырылған ақпараттық орталықтар, коворкинг-орталықтар ашу қолға алынған. Шалғай орналасқан елді мекендердің тұрғындарының электронды үкімет порталының қызметіне қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылуда.
«Цифрлық Қазақстан» бағдар­ламасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінің 210 құнды жәдігеріне QR-код жүйесі енгізілуде. Бұл музейге келушілердің уақытын үнемдеуге, әсіресе, смартфондар мен гаджеттерді көп пайдаланатын жас буын үшін тиімді. Әрі тарихи жәдігерлерге деген көпшіліктің қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Бүгінге дейін 2 500-ге жуық келушілер мен туристер QR-кодты пайдалану арқылы музей экспозициялары туралы ақпарат алыпты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.