Нұрлан Байкөзовтың «Таразымның алтын күзі» атты кеші өтті

633

«Музыка жас азаматтардың ішкі дүниесін байытып, әр дәуірдегі қоғамдық өмірдің түрлі құбылыстарын дұрыс түсінуге көмектеседі» дейді қазақ музыкасын зерттеуші, әйгілі композитор Ахмет Жұбанов. Өнердің бұл түрі де өз ішінде сан салаға бөлінетіні баршамызға мәлім. Соның бір жанры – джаз. Бұл өнердің музыка әлеміне қосқан үлесі мол болғанымен, әртістердің, әнді әрлеушілердің және инструменталды ансамбль жетекшілері есімдерінің елеусіз қалып, көп айтыла бермейтіні тағы бар. Сол тасада қалған талантты өнерді бойына дарытып қана қоймай дамытып, музыка тарихында ойып тұрып орын алған қазақтың біртуар перзенті, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, жерлесіміз Нұрлан Байкөзов Тараз шаһарында кеш берді. Шара облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтті.

«Таразымның алтын күзі» атты эстрада және джаз музыка фестивалі Шымкент қаласындағы «Х-Band» эстрадалық джаз оркестрінің сүйемелдеуімен жанданды. Мәдени шараны облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұржан Календеров пен Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов ашып, аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің құттықтау тілегін жеткізді. Композиторға құрмет көрсете отырып, Алғыс хатпен марапаттады.
Аталмыш шараға арнайы ат терлетіп келген қонақтардың ішінде Ақжол Бейшен, Дәурен Сейітжан, Ералхан Әбішев, Сая Махамбет тағы да басқа бірқатар өнер жұлдыздары болды. Олар автордың «Мұңайма», «Шаттанайық», «Қазақ даласы», «Еркетайым», «Анаға арнау» әндерін орындаса, «Х-Band» эстрадалық джаз оркестрі «Қыздар-ай», «И снова карнавал», «Махаббат балладасы» сынды туындылармен құлақ құрышын қандырды. Кеш барысында Нұрлан Байкөзов аталған туындылардың әрқайсысының шығу тарихына тоқталып отырды.
Фестиваль соңында атақты композиторға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сый-сияпат көрсетілді. Қазақ эстрадасының маэстросы өз өлкесінде кеш өткізіп, жерлестерімен қауыштырған облыс басшыларына және өнерін бағалаған қалың көпшілікке алғысын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.