МЕНІҢ МІНДЕТІМ – ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛЫН ТАЗА ҰСТАУ

41
Қыс қыспағы күшейіп, түн бойы қар тоқтаусыз жауған сәттерде көпшілік ұйқыда жатқанда, коммуналдық қызмет мамандары еңбекке кіріседі. Солардың бірі — жаяу жүргіншілер жолдарын тазалаумен айналысып жүрген трактор жүргізушісі Әбдіразақ Сүлікбаев.
Аязды түн мен таңғы суыққа қарамастан, Әбдіразақ ағамыз күн сайын таңмен таласа тұрып, әсіресе мектепке апаратын және саябақ жолдарын уақытылы тазалануына ерекше мән береді. Себебі оның еңбегінің нәтижесі — балалардың қауіпсіздігі, ата-аналардың алаңсыздығы.
Қалың қарды қолмен күреп емес, техниканың тізгінінде отырып тазалау — сырттай жеңіл көрінгенімен, үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Әсіресе түнгі уақытта жолдың көрінуі төмендеп, суықтың бет қаратпайтын кездерінде бұл қызметтің салмағы еселене түседі.
Аудан тазалығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — Әбдіразақ Сүлікбаев секілді қарапайым еңбек адамдарының маңдай терімен атқарылып жатқан іс. Олар үшін бұл — мамандық қана емес, ел алдындағы міндет.
Өз кезегінде біз барша аудан тұрғындарының атынан Әбдіразақ Сүлікбаевқа және барша коммуналдық қызмет мамандарына алғыс білдіреміз.
Біздің қатарға Сізде қосылып, тәтті тілек жолдаңыз. Жақсы сөз аязды күнде жүрек жылытады.
Құлан медиа орталығы

Leave A Reply

Your email address will not be published.