Маңғыстаулықтар кофе дайындаудың жаңа тәсілін ұсынды

49

Маңғыстау облысы ҚКО

Маңғыстаулықтар кофе дайындаудың жаңа тәсілін ұсынды: 23 қаңтар 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Ақтауда түйе сүті мен тарыдан дайындалатын жаңа өнім – кофенің ерекше түрі пайда болды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Ерекше дәмге ие кофе 100 пайыз табиғи түйе сүтінен дайындалады және бетіне тары қосылады. Кәсіпкердің айтуынша, жаңа өнімді әзірлеу барысында бірнеше нұсқа дайындалып, сынамадан өткен. Алғашында түйе сүтін қайнатып, кейін салқындатып дайындау тәсілдері қаралды. Нәтижесінде сүтті салқындату арқылы жасалған әдіс ең тиімді деп шешілді.

Кофехана басқарушы директоры Әсем Мұхатбекова жаңа кофе түрінің пайда болу тарихымен бөлісті.

«Кофехана былтыр 25 шілде күні ашылды. Ең алдымен дәмхананың атауын ойластырдық. Достарымызбен ақылдаса келе «Бота» атауы ұсынылды. «Бота» ассоциациясы жылы, жағымды әрі ұлттық мәдениетімізге жақын болғандықтан, кофехананың концепциясына толық сәйкес келді. Осы атаудан кейін түйе сүтінен өнім жасау идеясы туындады. Түйе сүтін әртүрлі тәсілмен дайындап көріп, сынадық. Нәтижесінде ерекше әрі үйлесімді дәм таптық. Кейін түйе сүтінен кофе дайындап, оған тары және шәрбат қосу арқылы жаңа дәм қалыптастырдық», – деді Әсем Мұхатбекова.

Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда кофеханаға ерекше кофенің дәмін татуға келушілер саны артып келеді. Жалпы алғанда, келушілердің шамамен 80 пайызы жаңа өнімді оң бағалап отыр. Түйе сүтінің пайдалы қасиеттері, лактозаның жеңіл сіңуі және табиғи құрамы тұтынушылардың қызығушылығын арттырып, олардың қайта келуіне ықпал етуде.

Жаңа кофе түрі ұлттық өнімдерді заманауи форматта ұсынудың сәтті үлгісі ретінде жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының қызығушылығын тудырып отыр.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/275060-mangystaulyqtar-kofe-daiyndaudyn-zana-tasilin-usyndy

Leave A Reply

Your email address will not be published.