ҚЫЗ БАЛАНЫ ҚҰРМЕТТЕУ — ХАЛЫҚТЫҚ ҰСТАНЫМ

71
Есімі де, айтқан сөздері де ел аузынан түспейтін Бауыржан Момышұлының:
“Жер бетінде ең батыр адам — қыз. Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді” — дегені шын мәнінде ел ескеріп жүретін, баға жетпес құнды анықтама десе болады.
Халық батырының, ғұлама жазушының естеліктерінде жазылған мына әңгіменің де тәрбиелік, тағылымдық мәні бар.
“…Соғыстың бір қарбалас кезінде немістерді біз қуып ала алмай, не немістер бізді қуып ала алмай, тіресіп тұрған кезіміз еді. Немістерден тіл әкелуге Женяны және 4-5 жауынгерді жібердім. Олар міндетін орындап, немістің передовойда жүрген бір майорын ұстап әкелді. Маған хабар берген соң, тексеріп, сұрауға келдім, бірақ Женя жоқ екен. Бір командир ол қазір келеді деп ескертті. Майорды жанымдағы орындыққа отырғызып, аз-маз білетін немісшеммен тілдесе бастадым. Полктағы командирлерімнің бәрі де орындықтарға орналасып отырды. Осы кезде Женя кіріп келді де, маған рапорт беріп, жөнін баяндай бастады. Рапорт берген соң, аудармашылық қыз-
метіне кірісті. Бірақ ол отыратын орындық жоқ екен, соны тұтқын майор сезіп қалып:
— Мадам, менің орындығыма отырыңыз, — деп ұшып тұрып, орындығын Женяға тосты.
Женя отырып, майор тұрып қалған соң, алда отырған бір командиріме айқай салып, орындығын майорға бергіздім де, Женяға:
Екі құлағыңды тас бекітіп отыр, мен майорға ұрсамын — деп бұйырдым. Женя қызарып кетті де, бұйрығымды орындады. Мен осы кезде командирлерімнің бәрінің жер жебіріне жете ұрсып, балағаттап, “өңкей надан немелер!” деп кейідім. Бәрімізді тұтқын майор жерге қаратып кеткенін сезбейсіңдер деп бара сабадым.
Соңыра тұтқынды сұрап болған соң, осы эпизодты генерал Чистяковқа айтып ем, ол ішек-сілесі қатқанша күліп: “ой, иттің баласы-ай, сендерді ұятқа қалдырған екен”, — деді”.
Момышұлы Б. Айтылмаған ақиқат. Көптомдық шығармалар жинағы 10-том (2-кітап), — Алматы:”Өнер”, 2010. — 145 бет.

Leave A Reply

Your email address will not be published.