«Құлпынай теріп, айына 1 млн теңге табасың»: Қазақстандықтар Англияда жұмысқа тұрғызуға уәде берген компанияны сотқа бермек

28

istockphoto.com

https://turkystan.kz/article/263419-qulpynai-terip-aiyna-1-mln-tenge-tabasyn-qazaqstandyqtar-angliiada-zumysqa-turgyzuga-uade-bergen-kompaniiany-sotqa-bermek
Англияда құлпынай теріп, ақша таппақ болған 6 облыстың тұрғындары оларды жұмысқа тұрғызатын компанияны алдағаны үшін сотқа бермек.

КТК арнасының мәлімдеуінше, компания өткен жылы Ангияға апарып, жылыжайға жидек теруге кіргізу керек болған. Жұмыс іздеген жандар компания шотына әрқайсысы миллион теңгеден астам қаражат аударған. Сайып келгенде,бір жылдан бері не қайтарылған ақша да, не ұсынылған жұмыс жоқ.

— Компанияға ТикТок арқылы келдім. 2023 жылы 21 мамырда Гүлнұр ханымға 800 мың теңге жіберілген. Содан бері екі жыл өтті, ақшамды ала алмай жүрмін. Әне-міне деп, Бота деген адам ақшамды бермей жүр, – Ғазиза Айсикенова.

Алданғандар кемі 600 мыңнан миллион теңгеге дейін санап берген. Бұған тек ұйымдастыру қызметі ғана кіріпті. Яғни шетелде жүріп-тұруы, виза, тіпті ұшақ билетінің құнын жәбірленушілер өзі бөлек төлеу керек болған.

«Айына, кем дегенде, миллион табасың» деп, үміттендірген компания бірнеше айдан бері мүлдем ізін суытқан. Желіде жарнамасы жер жарған әйгілі компания осы кеңседе жайғасқан, есігі тарс жабық. Алайда әлі күнге дейін бұл орталық адамдарды жинап жүргенге ұқсайды.

Кепілхатта жұмысшы шетелге шықпаса, ақша үш күнде қайтарылады деген. «Бірақ бір жарым, екі жыл өтіп кетті» деп күйінеді жиналғандар. Дегенмен компания өкілдері 200-ге жуық адамның қаражатын қайтардық деп, өзіне шаң жуытпай отыр. «Қалғанының да мәселесі шешіледі» деп сендірді.

— 700 адамнан 300 адам қалса, олардың ақшасын жіберіп жатырмыз. Тек халық режіп, түсінбей отыр. Бәрін қайтарып жатырмыз. Біз күзгі презентацияға дайындалып жатырмыз, алдымыздағы. Жаңа келген адамдар. Қалатыны қалды, тағы да кіреміз дейді. Биыл қазанда, бұрын барғаны тағы да кіреміз дейді. 53 миллион қайтарылды, ол қаңтардан бүгінге дейін, – дейді Jumys.uk компаниясының директоры Бота Жүнісова.

Тақырға отырғандар құзырлы органдардың табалдырығын тоздырудан шаршадық дейді. Алайда еш нәтиже болмаған. Бүгін олар Әуезов ауданының полиция басқармасына ұжымдық арыз түсірді. Енді құрамында қылмыс әрекетінің бар екені негізге алынып, алаяқтық бабы бойынша іс қозғалды.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/263419-qulpynai-terip-aiyna-1-mln-tenge-tabasyn-qazaqstandyqtar-angliiada-zumysqa-turgyzuga-uade-bergen-kompaniiany-sotqa-bermek

Leave A Reply

Your email address will not be published.