Халық қалаулылары түзеу мекемелерін аралады

299

Жуырда облыстық мәслихаттың депуттары Абай Берік, Мейрамбек Төлепберген және мәслихат аппаратының кеңсе және талдау бөлімінің бас инспекторы Рүстем Айдынбековпен персоналды басқару қызметінің бас инспекторы Жарылқасын Өнетаев өңірдегі бірқатар түзеу мекемелерін аралады. Облыстық мәслихат жұмысшы тобының мұнда атбасын тіреуінің бір себебі қауіпсіздікте жатса, басты себебі – түзеу мекемелерінде тоқтап қалған жұмыс орындарына облыстық бюджеттен қаражат қарастырып, іске қосу.
Халық қалаулылары алдымен Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЖД-158/4 мекемесіне барып, қапастағы өмірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Департамент бастығы әділет полковнигі Миржан Смагулов бастап барған жұмысшы топқа алдымен ондағы ахуал туралы қысқаша баяндалды. ЖД-158/4 түзеу мекемесі бастығының міндетін атқарушы әділет подполковнигі Бекежан Мұхтаров бүгінгі таңда мұнда 739 адам жазасын өтеп жатқандығын, олардың көпшілігі жеке кәсіпкерлердің қол астында жұмыс істейтіндігі туралы айтып өтті.

— Бүгінде түзеу мекемесінде тігін цехы, автосервис, ағаш және темір ұстаханасымен өзге де жұмыс орындары, сондай-ақ қоян өсіруге арналған жертөле бар. Жазасын өтеуші азаматтардың басым көпшілігі сол жерлерде еңбек етуде, — деді ол.
Әрине, темір торға тоғытылғандардың көпшілігі жұмыспен қамтылғаны анық. Бұл бағытта түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімдері жүйелі жұмыс істеп жатыр. Алайда, 2000 жылдардың басындағыдай қызу жұмыс жүріп жататын өндіріс орындары жоқ. Себебі, көптеген құрал-саймандардың тозығы жетіп, істен шыққан. Ал оны қалпына келтіруге қаражат тапшы. Халық қалауларына осы түйткілді мәселелер жайында толық баяндалып, аталған жылдың І тоқсанында өтетін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралатын «Жамбыл облысында құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрестің жай-күйі туралы және одан әрі күшейту» бойынша материалдарға қосу ұсынысы айтылды.
Түзеу мекемесінің жанынан ашылған №15 кәсіби колледжде жазасын өтеушілер тігін, аспазшы, кран жүргізушісі, электромеханик, ағаш ұстасы, темір өңдеу және слесарь-сантехник сынды 7 мамандық бойынша білім алады. Депутаттар оқу ордасына да бас сұғып, ондағы тыныс-тіршілікпен танысып, колледж басшысымен тілдесті.
Бұдан кейін, халық қалаулылары ЖД-158/7 ерекше режимдегі түзеу мекемесін аралады. Мекеме бастығы әділет подполковнигі Алмазбек Азизбеков депуттарға мекеменің жай-күйін айтып өтті. Айта кетейік, мұндағы жұмыс орындарында қаражаттың жетіспеушілігінен бірқатар түйінді мәселелер бар. Ол жайында Алмазбек Нышанбекұлы қысқаша баяндап, бірлесе шешкен шешім арқасында аталған қиындықтарды еңсеруге болатындығын тілге тиек етті.
Өз кезегінде облыстық мәслихат аппаратының кеңсе және талдау бөлімінің бас инспекторы Рүстем Айдынбеков: «Ішкі істер органдарына қарасты түзеу мекемелерінің қызметтеріне жүктелер жауапкершілік күн өткенсайын еселене түсуде. Сол үшін де бүгін өңірдегі бірқатар түзеу мекемелерін аралап, ондағы жағдаймен танысуға келген едік. Әрине, мұндағы өндіріс орындарына көңіл бөлу қажет-ақ. Себебі, қапасқа қамалғандар жұмыс істеу арқылы, түзелудің жолына түспек. Біз сіздердің ұсыныстарыңызды облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолаковқа жеткізіп, І тоқсанда өтетін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қарайтын боламыз, — деді.
Иә, уақыт өте келе кез келген дүниенің тозығы жететіні белгілі. Қатпар тасты біреу қозғамаса өздігінен қозғалмайды. Олай болса халық қалаулыларының түзеу мекемлеріндегі мәселелерді шешуге барынша қатысатынына сенеміз.

Жамбыл облысы ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.