Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз конференциясын өткізуде. Баяндамасы барысында Бақытжан Әмірбекұлы көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында көпір салу жұмыстарына тоқталды.
– Осы мақсатта Абай даңғылының темір жол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысын салу жоспарланды. Жобаны іске асыру үшін республикалық бюджетке 16,9 млрд теңгеге өтінім ұсынылды. Көпір құрылысын жүргізуге қажетті жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару үшін 1,8 млрд теңге, нысандарды сүру жұмыстарына 285 млн теңге және құрылыс жұмыстарына 1 млрд теңге қаржы қарастырылып, қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет мұқтажы үшін қайтаруға қажетті жер учаскелерінің көлемдері нақтыланып, барлығы 60 нысан мемлекет қажеттілігі үшін иеліктен шығаруға жатады. Қазіргі таңда 58 нысанға қатысты мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде. 2 жер учаскелерінің иелері мүліктерін мұрагерлікті қабылдағаннан кейін тиісті жұмыстар жүргізіледі. Меншік иелеріне ұсыныстар жолданып 41 меншік иесі келісім берді. Бүгінгі таңда 40 меншік иесіне қаражат аударылды. 1 меншік иесіне төлемі бойынша құжаттар дайындалуда. Келіспеген 17 нысан құжаттары сотта қарастырылуға жолданды. Оның ішінде 6 нысан бойынша төлеуге сот шешімі шыққан, 2 нысан бойынша соттан кері қайтарылды, 9 нысан бойынша сот жүруде, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.