ашық дереккөз
Қазақстан FIFA Series 2026 турнирінің жеңімпазы атанды: 31 наурыз 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Футболдан FIFA Series 2026 турнирі аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шешуші матчта Қазақстан құрамасы Комор аралдарын 1:0 есебімен жеңді. Осылайша, ұлттық құрама екі кездесуде де басым түсіп, 6 ұпаймен турнир чемпионы атанды.
Кездесудегі жалғыз гол ойынның 2-минутында соғылды. Жартылай қорғаушы Рамазан Оразов мергендігімен көзге түсіп, Қазақстан құрамасын алға шығарды. Ерте соғылған бұл гол командаға сенімді ойын өрнегін көрсетуге мүмкіндік берді.
Айта кетейік, Комор аралдары бұл матчқа тыңғылықты дайындықпен келгені байқалды. FIFA рейтингінде бұл команда Қазақстаннан жоғары тұр. Сондай-ақ, қарсылас сапында Еуропа клубтарында өнер көрсетіп жүрген ойыншылар да бар.
Ойыннан кейін екі құрамаға да арнайы марапаттар табысталды. Қазақстан ұлттық құрамасы FIFA Series турнирінің кубогын иеленсе, Ислам Чесноков жарыстың «Ең үздік ойыншысы» атанды.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов футболшылардың ойын тонусы әлі де толық қалыптаса қоймағанын айтты. Оның сөзінше, команда жоспары – ерте гол соғып, өз ойынын жүргізу болған.
Ал Комор аралдары құрамасының бас бапкері Қазақстанның шабуыл шебі мықты болғанын атап өтті. Сондай-ақ, екінші таймда өз командасы прессинг ұйымдастырғанымен, қорғаныста әлсіздік байқалғанын жеткізді. Сөз соңында ол қазақ халқына және көрсетілген қонақжайлылыққа алғыс айтты.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/278971-qazaqstan-fifa-series-2026-turnirinin-zenimpazy-atandy