Қазақстан банктері 180 келіден астам алтын құймалар сатты

606

ҚР Ұлттық банкі Қазақстан банктерінде алтын құйма сату қалай жүргізіліп жатқанын айтты.

Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы күнге дейін 3 банк арқылы жалпы салмағы 180 келіден астам алтын құйма сатылған. Алтын құймалар екінші деңгейдегі банктер — «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ және «Цеснабанк» АҚ арқылы сатылуда.

«Алтын құймалар нарығының тиімділігінің басты факторы — екінші деңгейдегі банктер клиенттерден ақшасына оларды кері сатып алады. Құймалардың 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық бес түрі бар. Бүгінгі күні банктер 180 килограмнан астам алтын сатқан», — делінген хабарламада.

ҚР Ұлттық банк тазартылған алтынның 2 тоннасын сыртқы нарықта еркін айырбасталатын валютаға немесе отандық өндірушілерден жыл сайын сатып алынатын алтын көлемінің шамамен 4% дейінгі көлемде сату жөніндегі операцияны жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл Қазақстан өндірушілері құймаларының танымалдығын арттыру үшін жасалады. Сонымен қатар жергілікті нарықта салмағы 12-13 келі алтын құймаға сұраныс болған жағдайда Ұлттық банк халыққа мұндай құймаларды сатуға дайын. Бұл құймалар — инвестордың портфеліндегі маңызды актив, әртараптандыру құралы бола алады.

Ал жалпы Ұлттық банк алтынының портфелінде қазір жалпы құны 13,5 млрд АҚШ доллары болатын 342 тонна алтын бар. Бұл көрсеткіш бағалы металл қоры бойынша Қазақстанды әлемде 15-орынға шығарды. Бағалы металдағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттік басымдық берілгелі бері Ұлттық банк отандық өндірушілерден шамамен 221 тонна тазартылған құйма алтынды сатып алған.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылғы мамырда Ұлттық банк халық үшін тазартылған құйма алтынды сату және сатып алу жөніндегі бағдарламаны іске қосқан болатын.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.