Бақытжан Сағынтаев Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарда болды

670

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев  Жамбыл облысындағы жұмыс сапарын Тараз қаласындағы «Көкжиек-2030» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігінің  жұмысымен танысудан бастады.

Сүт өнімдерін шығарумен айналысатын 2007 жылы құрылған кәсіпорын  ағымдағы жылы қайта кеңейтіліп құрылып, модернизацияланған.  Италияның «FRAU IMPLANTI» компаниясының жаңа үлгідегі автоматтандырылған желідегі құрал-жабдықтарымен жасақталған. Жоба құны – 1,6  млрд. теңге. Кәсіпорын жетекшісі Әбдіғали Бегімбетов  тәулігіне 80 тонна сүт өңдеуге қауқарлы екендіктерін жеткізді.

Бақытжан Әбдірұлы бұдан соң  Тараз қаласында құрылысы жүріп жатқан №15 мөлтек ауданына ат басын бұрды. Бүгінгі таңда онда 80 пәтерлі -10 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде.  Олар «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде салынуда. Жаңа мөлтек аудандағы құрылыс жоспары мен мемлекеттік бағдарламалар  аясындағы атқарылып жатқан шаралар туралы Б.Сағынтаевқа облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев баяндап берді. Оның айтуынша, Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» бірінші бағыты – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» аясында бірқатар жобалар іске асырылуда. Тараз қаласындағы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 462 га жер телімінде жаңа екі мөлтек аудандарының құрылысы жүруде. Аталған аудандарда «7-20-25» бағдарламасы аясында ұсынылатын 480 көп қабатты және 969 жеке тұрғын үй құрылыстары басталып, ағымдағы жылы 10 көппәтерлі үй (800 пәтер), 2019 жылы — 25 үй (1 380 пәтер) пайдалануға тапсырылатын болады. Жалпы, Тараз қаласында 686 пәтер бағдарлама аясында азаматтарға ұсыну үшін дайын.

«7-20-25» кредиттеу бағдарламасы аясында әкімдік пен Ұлттық банкінің филиалы, бағдарламаға қатысушы банктер арасында бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалында бүгінде 44 648 салымшыдан 10 млрд. теңге жиналды. Ипотекалық несиенің алғашқы жарнасының 30 пайыздан 20 пайызға төмендеуіне байланысты, пәтер алуға мүмкіндігі бар азаматтардың саны 3 есеге артты.

ҚР Премьер-Министрдің барған келесі нысаны жылына 2100 тонна өнім өндіретін «Сәуле» кондитерлік фабрикасы болды. Онда фабрика басшысы Сәуле Жанабекова зауыттың жұмысы, тыныс-тіршілігі  туралы жан-жақты мәліметпен бөлісті. Жобаның жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құраған.

Облыс орталығында орналасқан кәсіпорын жылына 2160 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Кәсіпкер 2016-2017 жылдар аралығында жабдық сатып алуға және коммерциялық жылжымайтын мүлікті қайта жаңартып, вафли өндіретін желі сатып алуға несие алған. Кондитерлік өндіріс негізінген вафли өнімінің түрлерін шығарумен айналысады.

Бүгінгі таңда фабриканың жоба құны 850,0 миллион теңге болатын  екінші кезеңінің құрылысы  жүргізілуде. Жоба іске қосылған кәсіпорынның толық жылдық қуаты 4500 тонна болады деп жоспарлануда. Соған орай тағы жетпіс адамдық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.  Жобаның екінші кезеңі осы жылдың аяғында пайдалануға берілмек.  «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы  қомақты қаржыға несие алып, жұмысын жандандырып отырған кәсіпорын өңір экономикасын арттыруға өз үлесін тигізуде.

Премьер-Министр Тараз қаласынан дарынды балаларға арналған ІТ лицей-интернатында болды . Бұл білім ошағы Елбасының тікелей тапсырмасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде қолға алынып отыр. Лицей барлық заманауи құрылғылар және озық технологиялармен қамтылған.
Тараз қаласының жаңа 14-шағын ауданында орналасқан лицей 120 орынға шақталған, 2019-2020 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 300 орынға кеңейтіледі деп жоспарлануда. Орналасқан жер аумағы – 1,7 гектар.

Білім ошағы  оқушыларға   IT технологиялар аясында қазақша, орысша және ағылшын тілдерінде білім бермек.  Техникалық-материалдық базасына келер болсақ,  лицей кешені 12 оқу кабинеті, 2 компьютер кабинеті және кітапхана, ЛМК, медициналық кабинет,  STEM-лаборатория,  робототехника, Web-бағдарламалар кабинеттерімен жабдықталған. Сондай-ақ, спортзал, акт залы мен асханасы бар.

Бақытжан Сағынтаев жұмыспен қамту орталығында болып, онда жұмыс бағыттарымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірдегі жұмыспен қамту шараларының жүзеге асуы, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар туралы  және шағын несие беру мен осы орайдағы кездесіп отырған түйіткілді мәселелерді баяндап өтті.

Облысқа жұмыс сапары барысында Б.Әбдірұлы  қайта жаңғыртылған Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ пен «Желтоқсан» аллеясына және Жамбыл политехникалық жоғарғы коледжіне де бас сұқты.

Бүгінде Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ толығымен жаңғыртылып, қала күні қарсаңында пайлануға берілді. Онда «Тәуелсіздік ұшқыны» стелласы, «Ғибрат» және «Желтоқсан, 86» орталықтары ашылып,  Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың еңселі ескерткіші бой көтерді. Атап айтар болсақ,  «Тәуелсіздік ұшқыны» стелласының архитектуралық элементтің ені – 4,4 метрді, биіктігі– 4,6 метрді құрайды. Ондағы алау оты жалындаған жастардың тәуелсіздікке деген ұмтылысын, ерік-жігерін білдіреді. Идеялық мазмұны – қазақ жастарының азаматтық намысы мен жігерінен бастау алған қозғалыстың нәтижесінде Тәуелсіз ел құрылғанын бейнелеу. Ал, қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық дәстүрмен қызмет көрсететін, ақсақалдар кеңестерін өткізетін «Ғибрат» орталығы аумағы 240 шаршы метрді құрайды. Нысан құрылысының құны 226 млн. теңгеге айналған.

Жалпы, саябақта 197 жарық шамдары, 4 фонтан, 4 беседка, 69  орындықтар мен қоқыс жәшіктері,  21 мың ш.м. брусчатка, 9 мың ш.м.асфальттық жол жамылғысы, ұзындығы 633 метрді құрайтын веложол салынды. Сонымен қатар, 120 дана көк шырша, 800 дана туя ағаштары егілді. 45  мың ш.м. аумақ көгалдандырылып (газон), заманауи суғару жүйесі орнатылды.

Саябақта бірқатар жаңа нысандар салынып, ескіргендеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Саябақтың эскиздік жобасы «Табыс Жоба» ЖШС тарапынан әзірленген. Жобаның жалпы сметалық құны – 403,9 млн. теңгені құрайды. Жалпы аумағы – 6,5 га. Саябақтың бұрынғы жобасында Қ.Рысқұлбековтың тек бюсті ғана болған. Оның орнына халық батырының толық ескерткіші орнатылды (постаменттің биіктігі 2,2 м; ескерткіштің биіктігі 2,8 м).

Сонымен қатар, «Желтоқсан» аллеясында республика бойынша ең ұзын 3 каскадтан тұратын 220 метрлік «Тәуелсіздік толқыны» атты түрлі-түсті су бұрқағы салынған. Субұрқақтың бойына Тәуелсіздігіміздің  символдары саналатын барлығы 14 дана барыс, қыран құс, пырақ мүсіндері орнатылды. 120 павловния ағашы отырғызылып, 22 жарық шамдары, күн сәулесінен қуат алатын 4 дана батарея, 10 дана смарт орындыққа интернет желісіне қосылатын құрылғылар (wi-fi), 48 орындық мен қоқыс тастайтын жәшіктер орнатылды. Жалпы, жобаның эскизі «Spektr Energi Group» ЖШС тарапынан әзірленген. Ені 20 метр, ұзындығы 240 метр болатын аллеяның аумағы 0,5 гектар. Құны 284 млн. теңгені құрайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.