Азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығы: Ербол Қарашөкеев ауылшаруашылығы жәрмеңкесін аралады

82

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласында өткен ауылшаруашылығы жәрмеңкесін аралап, ұсынылған өнімдердің сапасы мен бағасына назар аударды.

Жәрмеңкеге өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен тұрақтандыру қоры жалпы құны 108,5 млн теңге болатын 86,4 тонна өнім жеткізді.

Сауда сөрелеріне 23,5 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3 тонна шұжық өнімі, 8,5 тонна сүт өнімі, 12 мың дана жұмыртқа, 0,6 тонна кондитерлік өнім, 3,9 тонна макарон, 0,5 тонна тұз, 4,2 тонна балық, 7 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 31,6 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімі қойылды.

Азық-түлік бағасы нарықтағыдан 10–20 пайызға төмен деңгейде ұсынылды.

Аймақ басшысы шаруалармен сөйлесіп, халықтың пікіріне құлақ асты. Баға тұрақтылығын сақтау мен тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтті.

– Азық-түлік қауіпсіздігі – экономикалық тұрақтылықтың негізгі кепілі. Ел Президенті баға тұрақтылығын жеке бақылауында ұстап отыр. Облыста өндірілетін өнім көлемін арттырып, ішкі нарықты өз тауарларымызбен толық қамтамасыз етуіміз қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бұл күні өңір басшысы «Бәйтерек» және «Аса» шағынаудандарында орналасқан әлеуметтік дүкендерді аралады.

Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Тараз қаласында – 12, ал Жуалы ауданында 1 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Жыл басынан бері осы дүкендерге жалпы құны 68 млн теңге болатын тауарлық интервенция жүргізіліп, негізгі азық-түлік өнімдері әлеуметтік бағада сөрелерге шығарылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.