Аймаққа менингиттен келер қауіп жоқ

483

Облысымызда менингококк инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Бұл жайында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Күмісбек Рахимов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Күмісбек Рахимұлының сөзіне сүйенсек, қантар айында  Тараз қаласында 19 жастағы студент және Қордай ауданында 2 жастағы бүлдіршіннің аталған инфекцияны жұқтырған. Қазіргі таңда екі емделушінің, дер кезінде ем қабылдауының нәтижесінде, денсаулықтары қалыпты жағдайда. Сондай-ақ, эпидемияға қарсы алдын алу шараларының тұрақты түрде жүргізілуіне байланысты менингококк инфекциясы облысымызда қайта тіркелмеген.

Сонымен қатар, науқастармен қарым-қатынаста болған 130-дан аса тұрғын күнделікті медициналық бақылауға алынған. 100-ден аса адам бактериялогиялық жолмен тексеріліп, теріс нәтиже көрсеткен.

Менингококк инфекциясын алдын алу мақсатында облыс пен әрбір аудан аумағында сырқат көрсеткіштері, ошақтардың санитариялық жағдайы толық бақылауға алыныпты

К. Рахимовтың айтуы бойынша, аталмыш аурудан сақтану үшін адамдар көп шоғырланатын жерде жиі болмай, жабық мекемелерде бір реттік бетпердені пайдаланған дұрыс. Сонымен қатар, бөлмені жиі желдетіп, ауасын тазартып тұру  қажет. Науқаспен қарым-қатынастан кейін дәрігердің қатаң  нұсқауы бойынша антибиотиктерді қабылдау керек. Ең маңыздысы – өз бетінше емделуден аулақ болу және аурудың белгілері білінген сәтте-ақ дәрігерге қаралу қажет.

Айта кететіні, менингитке қарсы жоспарлы екпе, ҚР Үкіметі Қаулысымен бекітілген Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілмегендіктен, жүргізілмейді. Ал, екпе алу  қажылыққа ниет етушілер үшін Тараз қалалық №1 емханаға жүгінулеріне болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.