Ауыл мәдениеті назарда: «Мирас» кеңесінде өзекті мәселелер көтерілді

23

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Мирас» аймақтық кеңесінің отырысы өтті. Басқосуда Мойынқұм және Сарысу аудандарындағы мәдениет және өнер саласында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі талқыланды.

Жиынға партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов пен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай қатысты.

Кеңес отырысы алдында Дауыл Бейсенқұлов «Ұлы дала» әдеби байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Биыл бұл байқау «Көне Тараз күмбірі» тақырыбымен өтіп, үш аталым бойынша (поэзия, проза, балаларға арналған шығарма) облыстық кезеңге 10 шығарма жолданды.

Кеңесте Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев пен Сарысу ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Жақсыпейілова баяндама жасап, өз өңірлеріндегі мәдени даму көрсеткіштеріне тоқталды.

Алайда, баяндамалармен қатар шешімін күткен өзекті мәселелер де көтерілді. Атап айтқанда, кей аудандарда халықтық театрлар мен оркестрлердің жоқтығы, осыған байланысты кадр тапшылығы мәселесі де қозғалды. Кеңес мүшелері бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, кеңесте ауылдық жерлердегі талантты жастарды анықтап, олармен жүйелі жұмыс жүргізу мәселесі де қозғалды. Бұл ретте аудандық бөлімдердің өзара үйлесімді әрекет етпеуі басты кедерге ретінде аталды. Төл өнерімізді танытып жүрген көптеген дарын иелері ауылдан шыққаны белгілі. Сол себепті, олардың шығармашылығын қолдап, мәдениет аламанына қосу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Сондай-ақ, жиын барысында тарихи-мәдени нысандардың жай-күйі, оларды сақтау және күтіп ұстау мәселесі де күн тәртібіне шығарылып, нақты ұсыныстар айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.