Марқұм Қызайым әжеміз өте әңгімешіл кісі еді. Көбіне ашаршылық жылдарда өткен балалық шағын айтып, біздерді тәубеге шақырып отыратын. Өткен күндерін еске алғанда ауыр күрсініп, естеліктер айтқанда күңіреніп кететін. Ол уақыттарда біз бала едік, айтқандарын ертегідей қабылдап, жалықпай тыңдаушы едік. Енді ойлап қарасам, әңгімесінің барлығы өмірде болған шындық екен. Есте қалған біразын ықшамдап, ой салар тұстарын оқырманға ұсынып көрейін. Тоқшылық заманда бір ғибраты болар.
«Түркістаннан медет тілеп, жан-жақтан босып келген елде есеп болмады. Ауқатты өзбектерге жас қыздарын, болмаса реңді әйелдерін қос уыс бидайға сатқан қазақтарды көрдік.»
«Әке-шешем мені үйге жалғыз тастауға қорқып, таудағы диірменге ертіп барды. Жолда аш адамдар қайыр сұрап тұрды. Ал тауға жақындағанда әкем көзімді орамалмен байлап қойды. Өгіз арба қатты шайқала берген соң көзімді шешсем – жол үсті аштан өлген адамдарға толы екен. Айналып өтуге тау жолдары тар. Басып өттік. Әкем жылап отырды…»
«Шешем «жоқ» деп айтуды білмейтін, қолы ашық жан еді. Тамақ сұрап келген аш адамдарға бір үзім болса да нан беретін. Қуанған адамдар: «Жалғыз қызыңның ғұмыр жасы ұзақ болсын!» – деуші еді. Тоқсанға таянғанша тірі жүргенім – солардың шын ниетімен айтқанынан болар.»
«Ескіше оқығанды қойып, шешем мені жаңа мектепке бергісі келді. Бірақ әкем келіспеді. Өйткені етжеңді, толық балаларды аш адамдар ұстап жеп қойғанын көзбен көрген екен.»
«Пәленше деген адам етін жеп, күн көріп жүр екен» дегенге таңғалмайтын заман еді…»
«Бір ауқатты кісі аштарға көже таратты. Біз де бардық. Көжеге таласқан еркектер шешемді таптап өлтіріп кете жаздады. Адам ашыққанда еркек, ұрғашыға қарамай қалады екен. Ар-ұят, сыпайылықтан жұрдай болады.»
«Нағашым таудағы диірменнен келе жатып, қайтар жолын бір ауылдасы аңдып тұрғанын байқайды. Жағдайды түсінген нағашым бір уыс бидайды шүберекке түйіп, аулаққа лақтырады. Әлгі соған қарай жүгіргенде, жолдан өтіп кетеді. Кейінірек тоқшылық болғанда екеуі осыны еске алып жылаған екен. – Сол кезде сен амал таппағанда, өлтіруге бекінген едім, – депті.»
«Өз баласын жегендер де болды. Әсіресе еркектер жыртқыш хайуанға айналды. Ерлерге қарағанда әйелдер аштыққа да, азапқа да шыдамды келеді екен.»
«Суда – балықты, жерде – тышқанды қолы жеткен адам ғана жейтін. Ораза мен айттың тоқтықта екені де, қара судың қарға адым жерге жеткізетіні де, адамның ит жанды екені де рас. Оны мен осы жасымда көзбен көрдім де, басымнан өткердім де», – деп отырушы еді жарықтық.
Мен бұл ауылға қалыңсыз келген қызбын, – деп жалғайтын әңгімесін. «Ақырбайдың баласы аштан өлген заманда» қалың мал сұратып, жасауымды жайқалтып келетін жағдай қайдан болсын. Сол аласапыран жылдарда әкем кәмпескеге ілігіп айдалып кетті. Артынша шешем қайтыс болды. Жетім қалған атақты Қайып байдың жалғыз қызын ағайындар осы Шаға ауылының Досжанұлы Тойкен деген жігітіне тұрмысқа берді.
Мен келгенде бұл ауыл өз алдына жеке колхоз еді. Сол жылдары колхозды Бидәулет Мүлкібайұлы басқарып тұрды. Ол кісіні бәріміз «Би аға» дейтінбіз. Жарықтық Би аға айтар сөзге шешен әрі өте көреген кісі еді, 1937 жылы жазықсыз ұсталып, «халық жауы» деген жаламен сотталып кетті. «Ұлтың қазақ, жерің Созақ – саған да он жыл» деп, ат үстінде отырып шығара салатын атақты үкіммен кесіліп кеткен екен. Осы Шаға ауылының ашаршылық жылдардан аман өтуіне әуелі Құдай, одан кейін бір адамның септігі тиген болса, ол – осы Бидәулет қайнаға», – деп еске алар еді марқұм.
Бидәулет Мүлкібайұлы туралы ел аузында сақталған әңгіме көп. Бүгінде Тау Шаға мен Бала Шаға аталатын екі өзеннің ортасында кең жазықты сазды алаңқай бар. Сол жерде 1932 жылдары Сұлтанбек Қожанов келіп жиын өткізген дегенді бала күнімізде қариялардан жиі еститінбіз. Өзінің туған жері Ақсүмбе мен Балықшы әулиеге дейінгі тау бөктерін жайлаған жұрттың ішінен ел ағаларын жинап, ашаршылыққа қарсы кеңес өткізген деседі.
Бұл жиынға Бидәулет Мүлкібайұлы да қатысып, Сұлтанбек Қожановтың рұқсатымен колхоз малынан 150 бас ешкі жаздырып алады. Бидәулет сол 150 бас ешкіні тауға жасырын бақтырып, ашыққан елге төлін жегізіп, сүтін ішкізіп, бүтін бір ауылды ашаршылықтан аман алып шыққан деседі.
Марқұм әжемнің: «Бұл ауылдың бүгінгі ұрпағы бір адамға өмірімен қарыздар болса, ол – Бидәулет би», – деп отыратыны осыдан болса керек.
Ал, одан беріде өзім ізденген нақты архивтік деректерге сүйенсек, Бидәулетті айыптау тізімінде:
«Шаға колхозының төрағасы Бидәулет Мүлкібаев 1932 жылдары колхоз малын талан-таражға салды. Ол өзімен рулас елді маңайына топтастырып, контрреволюциялық билік құрды. Олар 60 түтін», – деп анық жазылған.
Тағы бір архив деректерінде: «Мүлкібаев Аллаху көтерілісін бастаушы Сұлтанбек ханмен тығыз байланыста болған. Ол Сұлтанбек Шалақовтың тау шатқалдарына бекінген мергендер тобын азық-түлікпен қамтамасыз еткен», – деп көрсетілген. Бұл енді бөлек әңгіме.
Кейде бір ауылды ашаршылықтан аман алып қалған Бидәулет Мүлкібайұлына сол өзі туған Шаға ауылындағы жалғыз мектепке атын берсе де болар еді деген ойға қаламын. Бірақ біздердің қуғын-сүргін құрбандарын еске алғанда жанарымыз жасқа тола жаздайды, ал оларды ұлықтауға келгенде жүрегіміз қатайып шыға келетіні жаман.
Бұл асыл азаматтың артында бүгінде ұлдарынан ұрпақ та қалған жоқ. Ашаршылықта бүтін бір ауыл жұртының өзегін жалғап, өмір сыйлаған асылдың тұқымы осымен үзілді. Өзі сол кеткеннен қайта оралмаған. «Ол уақыттың он жылы – барса келмес» деген рас екен. Тіпті сүйегінің қайда қалғаны туралы да нақты дерек жоқ.
Әжемнің айтуынша, Бидәулет домбыра шертетін кісі болған. Ел арасында «Бидәулеттің жарты күйі» деген күйі қалған. Жарықтық өзінің күні таяп, ұсталарын сезсе керек, жақындарын қасына жинап қоштасу күйін шертіп отырғанда, НКВД жендеттері келіп, қолына кісен салған екен.
Содан қоштасу күйі аяқсыз қалғандықтан, ел арасында «Бидәулеттің жарты күйі» деп аталып кеткен деседі.
Бидәулеттен кейін колхозға менің шалым Тойкен төраға болды. Ол да опа таппады. Артына түскен адамдар домалақ арызды қарша боратып, ақыры қаматып тынды. Қайта мұның татар дәмі бар екен – 10 жылға жуық түрмеде отырып, отбасына аман-есен оралды, – деп отыратын әжем.
Ашаршылық жылдардың азабы туралы әңгіме жалғыз бұл емес. Осы орайда атақты Шүлен көже жайлы да жаза кетпесек, тарих алдында қиянат жасаған боламыз.
Созақ жұртының байырғы тұрғындарынан Шүлен көженің дәмін татпағаны жоқ десе де болады. 1928 жылдары «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген қып-қызыл ұранмен басталған нәубет 1930 жылы ақпанда халықтың ашу-ызасын тудырып, атақты Созақ көтерілісіне себепкер болды.
«Көтеріліске қатысты» деген айыппен мыңдаған адам сотсыз, сұраусыз атылып кетті. Қасақана жасалған ашаршылық жылдармен қабат келген құрғақшылық та елдің еңсесін езіп жіберді.
Жау жағадан алғанда, етекке жармасқан шолақ белсенділердің де ызасы әбден өтті. «Жұт жетеу, содырмен сегіз» дегендей, шолақ белсенділер не көрсетпеді бұл елге?!
Оған қоса аштықтан тараған ауру да жығылған жұртқа жұдырық болды. Сұмдығы бірінен-бірі өтіп, ағайынды жеті жұт қатар келген Созақ даласының аспанын қара бұлт басып тұрды.
«Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деген заман келді. Жан сауғалап күнгейге қарай ауған ел ата мекенін тастап кетуге мәжбүр болды.
«Арпа, бидай – ас екен, алтын, күміс – тас екен» дегеннің кері келді. Дүние-мүлкі мен үйлерін тастап, азық іздеп босқан ел Қаратаудың биік асуларынан өте алмай қырылған деседі…
Қалған елдің бас көтерер азаматтарын «халық жауы» деген сылтаумен ұстап әкетті. Алдындағы малынан айырылған ел аштан өлмеудің қамын жасап, Қайнар бұлақтың суын пайдаланып егіс екті.
«Осы астық қашан пісер екен», – деп кетпеніне сүйеніп тұрып үзіліп кеткен адамдардың болғанына тарих куә.
Осынау зұлмат жылдарда Сұлтанбек Қожановтың ұйымдастыруымен Қайнардың қырында тай қазандар асылды. Елдегі бар астықты ортаға салып, қамбаның түбі қырылып, Шүлен көже жасалды. Табылған дәннің барлығын араластырып қайнатқан быламықты халық «Шүлен көже» деп атады.
Күніне бір мәрте берілетін көжеге кезекке тұрған аш адамдардың соңы Созаққа дейін (үш шақырым) жетті деседі.
Ата-бабаларымыздың өзегін жалғап, өлімнен аман алып қалған Сұлтанбек Қожанов пен Шүлен көжені біз әсте ұмытпауымыз керек…
Қазіргі уақытта Созақ ауданы уран өндірісі арқасында донор аймаққа айналды. Халқы бай, қуатты өмір сүріп жатыр. Аллаға шүкір!
Созақтың бүгінгі кейбір байларына қарап тұрып, осы бір тарихи оқиғалар есіме түседі. Аузыңнан ақ май аққан бүгінгі күнге, кешегі Шүлен көженің арқасында жеткендеріңді ұмытпаған абзал.
Бәріміз де осы бір тостаған Шүлен көжені ішіп тірі қалған қара шалдың ұрпағымыз, ағайын.
«Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, ұмыт болуға айналған Шүлен көжені еске салып, ел арасындағы астамсыған жандарды тәубеге шақырғым келеді.
Бала күнімізде қариялардың әңгімесінен:
«Ашаршылық жылдарда Жаужұмырдың тамырын талғажау етіп жан сақтадық», – дегенді жиі еститінмін.
«Аздаған арпа, бидай егіп, егіннің дәні қатайғанша Жаужұмырдың тамырын қазып жеп күнелтуші едік. Заманында бай болып, алдына үйірлеп жылқы айдаған талай қазақтар Мойынқұмның жалдарын кезіп, тамыр қазып жегенін де көрдік, ой, заман-ай!» – деп отырушы еді жарықтықтар.
Сол Жаужұмыр біздің Созақтың даласынан іздегенге әлі де табылады. Іздегенде енді, ондай нәубеттің бетін аулақ қылсын, тамырын да жегізбесін!
Менікі тек – ашаршылық жылдарда ата-бабамыздың өзегін жалғап, өлімнен алып қалған сол Жаужұмырды кейінгі ұрпақ біле жүрсе деген ой ғана.
Мына батыстың даласында елді аштықтан аман алып қалған Құмаршық деген дәнді өсімдік өседі. Бүгінде сол Құмаршыққа Атырау қаласынан үлкен ескерткіш тұрғызылған. Жергілікті жұрт:
«Құмтөбеге шыққан бар ма,
Құмаршық дәнін жеген бар ма», – десіп, күңірене еске алысып отырады.
Біздің де Созақ ауданында мектептерде айтылып, ауданның орталық өлкетану музейіне Жаужұмырдың суреттері ілініп, тарихы жазылып, насихат жұмыстары жүргізіліп тұрса – тоқшылық заманда бір ғибраты болар еді.
Сонымен қатар ауданымызда «Шүлен көже күні» белгіленіп, ашаршылық құрбандарын еске алып тұрсақ – ел құптарлық іс болар еді.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, тарихқа тағзым, ата-баба әруағына құрмет көрсетсек, халықтың да алғыстан басқа айтары жоқ!