Ана мен баланың амандығы – басты құндылық

43

Қазақстанда ана мен баланы қорғау саласында реформалар кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуалға ерекше басымдық беріп, бұл мәселені ұлттық қауіпсіздік пен елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды фактор ретінде атап өтті.

Осы бағытта ана мен бала денсаулығын сақтау жүйесін жетілдіру, профилактикалық медицинаны дамыту, бастапқы медициналық-санитариялық көмекті қолжетімді ету секілді бірқатар нақты шаралар қолға алынған. Перинаталдық және педиатриялық қызметтерді нығайту, жас аналар мен балаларға арналған қолдау тетіктерін енгізу – бұл бастамалардың айқын көрінісі.

Бүгінгі медицина – тек ауруды емдеу ғана емес, оның алдын алуға бағытталған кешенді жүйе. Ал бұл бағыт, әсіресе бала денсаулығына қатысты болса, жауапкершілік еселеніп, әрбір шешімнің салмағы арта түседі.

Қордай аудандық орталық ауруханасында дәл осы мақсатты көздеген жүйелі жұмыстар жолға қойылды. Неонатология мен педиатрия саласын дамытудың жаңа тетіктері іске асырылып жатыр. Мақсат – балалардың денсаулығын қорғауға арналған заманауи әрі тиімді үлгіні қалыптастыру.

   Алдымен – технология.Заманауи медициналық жабдықтар – дәрігердің сенімді серігі. Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жалпы құны 94 миллион теңгеден асатын жаңа медициналық құрылғылар сатып алынуда.Жыл соңына дейін ауруханаға:өкпені инвазиясыз желдететін CPAP аппараттары,жаңа туған нәрестелерге арналған ашық реанимациялық жүйелер,фототерапия құрылғылары,планшетті ультрадыбыстық диагностикалық аппараттар,және өзге де маңызды медициналық құралдар жеткізілмек.Бұл жабдықтар – жаңа өмір үшін күресте, сәбидің алғашқы демі үшін арпалысқан ақ халатты абзал жандардың нағыз жан серігіне айналмақ.

   Келесі – кадрлық әлеует.Аурухана әкімшілігі педиатриялық қызметтің штатын кеңейту жөнінде шешім қабылдады. Бұрын санаулы ғана педиатр қызмет атқарса, бүгінде олардың санын бірнеше есеге арттыру көзделіп отыр. Бұл – сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.Балалар реабилитолог дәрігері жұмысқа алынды.Қазіргі уақытта балалар пульмонологиясы бағыты бойынша арнайы оқудан өтіп жатқан дәрігерлер бар. Бұл тыныс алу жүйесі ауруларына шалдыққан балаларға аудан көлемінде дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ауданға балалар невропатологы, кардиолог және офтальмолог мамандарын тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аталған мамандар үшін аудан әкімінің қолдауымен қызметтік тұрғын үй қарастырылған.

Қордай ауданының денсаулық сақтау саласына жұмыс істеуге келген жас мамандарға бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады:

  • Аудандық бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленеді – 393 200 теңге;
  • Республикалық бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй сатып алуға 2500 АЕК көлемінде бюджеттік несие беріледі – 9 830 000 теңге. Несие 15 жыл мерзімге беріледі, сыйақы мөлшерлемесі – жылына 0,01%;
  • Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы арқылы жергілікті бюджеттен 1 200 000 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі;
  • Аудандық бюджеттен қосымша 5 АЕК мөлшерінде біржолғы қаржылай қолдау ұсынылады – 19 660 теңге;
  • Жас мамандарға алғашқы жұмыс жылында жалдамалы пәтер ақысына ай сайын 30 000 теңге мөлшерінде өтемақы төленеді;
  • Жас мамандардың балаларына балабақшаға төленетін шығынды өтеу үшін ай сайын 5000 теңге көлемінде көмек көрсетіледі;

    Ана мен бала қауіпсіздігі – басты назарда.2025 жылы Қордай аудандық орталық ауруханасында ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған ауқымды білім беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Жыл ішінде 31 медицина қызметкері кәсіби оқытудан өтіп, біліктілігін арттырды.

Педиатрия саласы бойынша:

1 педиатр – Неонатология бойынша сертификаттық курстан өтті;

2 педиатр – Балалар онкологиясы саласында білімін жетілдірді;

2 педиатр – Балалар пульмонологиясы мен Педиатрияның өзекті мәселелері бойынша оқудан өтті.

Реабилитология бағыты бойынша:

1 реабилитолог – Медициналық оңалтудың өзекті мәселелері (ересектер/балалар) тақырыбында курсты тәмамдады.

Балалар хирургиясы саласы бойынша:

1 балалар хирургі – Балалар хирургиясының өзекті мәселелері курсына қатысты.

Перзентхана қызметкерлері үшін:

2 неонатолог пен 1 мейірбике – LIZA әдісі және жаңа туған нәрестелердің сепсисі хаттамасы бойынша оқытылды;

7 акушер-гинеколог пен 5 мейірбике – жұмыс орнында білімін жетілдірді;

3 акушер-гинеколог – халықаралық ғылыми-білім беру конгресіне қатысты.

Шұғыл жағдайлар бойынша:

5 акушер-гинеколог – Акушерлік және гинекологиядағы шұғыл жағдайлар курсын сәтті аяқтады.

Жұқпалы аурулар саласы бойынша:

7 мейірбике – жұмыс орнында оқудан өтті.

Жалпы алғанда, бұл қадамдар — аурухана қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға, олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға қосқан нақты үлес.

Жаңа жоба – жаңа мүмкіндік.2025 жылдың соңына дейін Қордай аудандық орталық ауруханасы «Антенаталды күтім» тақырыбында тағы 30 медицина қызметкерін – акушер-гинекологтар, акушерлер, жалпы тәжірибе дәрігерлері мен мейіргерлерді – арнайы оқудан өткізуді жоспарлап отыр.

Оқу циклі теория мен тәжірибені ұштастыра отырып ұйымдастырылады. Дәрістік сабақтармен қатар практикалық жаттығулар, клиникалық жағдайларды талдау, диагностика мен жедел көмек көрсету бойынша тәжірибелік машықтар қамтылады.

Күтілетін нәтижелер:

Антенаталды көмектің сапасы артады – жүктілерді бақылаудың заманауи тәсілдері енгізіледі;

  • Жүктілік кезінде туындайтын асқынулар ерте кезеңде анықталып, қауіп-қатер төмендейді;
  • Бірыңғай клиникалық хаттамалар енгізіледі – бұл медицина қызметкерлерінің жұмысын жүйелеп, стандарттауға жол ашады;
  • Практикалық дағдылар айтарлықтай жетілдіріледі;
  • Босандыру қызметінің көрсеткіштері сараланып, тиімді ұсыныстар әзірленеді.

Мақсат айқын: кәсіби дайындығы жоғары мамандар даярлау арқылы перинаталдық тәуекелдерді азайтып, ана мен бала өмірінің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету

Ашықтық пен сенімге негізделген медицина. Қордай аудандық орталық ауруханасының әкімшілік ғимаратында пациенттермен ашық диалог орнатуға бағытталған Пациенттерді қолдау қызметі «Open Space» форматында жұмыс жүргізуді қолға алды. Мұндай формат пациенттермен еркін әрі бейресми байланыс орнатуға мүмкіндік беріп, өтініштерді жедел – «осында және қазір» қағидаты бойынша – шешуге жол ашады. Ауруханада халықпен тиімді кері байланысты нығайтуға бағытталған«Ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс тетігі» жобасы енгізілді. Бұл бастама азаматтардың қажеттіліктері мен мәселелерін анықтап, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етуде. Ерекше назар бастапқы медициналық көмек пен ерекше күтімді қажет ететін балалардың мәселелеріне аударылады. Осы мақсатта аурухана ғимаратынан «Халық кеңесі» кабинеті ашылып, онда фокус-топ отырыстары мен қоғамдық кеңестер өткізіліп келеді.

Қордай аудандық орталық ауруханасы «Мейірімді аурухана» жобасын іске қосты. Жобаның мақсаты – медициналық қызметкерлердің коммуникативтік және практикалық дағдыларын жетілдіру арқылы даулы және келеңсіз жағдайларды тиімді шешуге үйрету. Осыған орай дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің 90%-ы Медициналық технологиялар және менеджмент ғылыми-зерттеу институтының базасында этика және деонтология бойынша арнайы оқытудан өтті.

Аталған жобалар – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ медицина мен қоғам арасындағы өзара сенім мен әріптестікті нығайтуға бағытталған нақты қадамдар. Бұл – адамға деген құрметке, кәсіби жауапкершілікке және ашықтық қағидатына негізделген жүйелі жұмыстың нәтижесі.

  Ерекше балаға ерекше қолдау.Аурухана базасында маусым айында дамуында ерекшелігі бар балаларға арналған «Даму және ерте араласу орталығы» ашылды. Мұндағы басты мақсат – баланың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтап, ата-анамен бірлесе отырып, әр балаға жеке түзету бағдарламасын жасау.Бұл – тек медициналық емес, терең әлеуметтік маңызы бар қадам.

   Мамандандырылған медициналық көмек – әрбір жанның өміріне деген жанашыр көзқарас.Қордай ауданында ауыр хәлдегі балаларды, жүкті әйелдерді және өзге де шұғыл медициналық көмекті қажет ететін науқастарды облыстық деңгейдегі жоғары

мамандандырылған медициналық көмекке дер кезінде жеткізу – денсаулық сақтау саласындағы басты міндеттердің бірі. Осы бағытта аудан әкімдігінің қолдауымен заманауи реанимациялық автокөлік сатып алу жобасы сәтті жүзеге асырылуда.Өмір мен өлімнің арасында бір ғана сәт тұрған жағдайда, әр секунд – шешуші. Арнайы жабдықталған жедел жәрдем көлігі – сол алтын уақытты ұтып, науқасты тиісті деңгейдегі білікті көмекке уақтылы жеткізуге жол ашатын маңызды тетік. Бұл – өмірді сақтап қалудың нақты мүмкіндігі.Бұдан бөлек, Қордай аудандық орталық ауруханасында телемедицина технологиясы бұрыннан жүйелі түрде қолданылып келеді. Бүгінде бұл бағыт жаңа деңгейге көтеріліп, кеңінен қанат жайып отыр. Мақсат – облыстық және республикалық деңгейдегі жетекші мамандардың консультацияларын аудан тұрғындарына қолжетімді ету, шалғай ауылдар мен елді мекендердегі медициналық көмектің сапасын арттыру. Уақыт пен арақашықтық кедергі болудан қалды – телемедицина осы олқылықты толтырып, сан мыңдаған адамға үміт сыйлап отыр.

Бүгін қабылданып жатқан әр шешім, жасалып жатқан әр іс – ертеңгі ұрпақтың саулығы мен жарқын болашағына бағытталған нық қадам. Өйткені ана мен баланың өмірі – бәрінен қымбат.

Leave A Reply

Your email address will not be published.