Экономиканы әртараптандыру нәтиже бере бастады

Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін үнемі атап айтып келеді. Үкімет әкімшілік кедергілерді азайтып, стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобаларды жан-жақты сүйемелдеуде.


Бүгін іргетасы қаланған Абай облысының Аягөз ауданындағы «Aйдарлы» тау-кен байыту комбинаты осы өңірдің ғана емес, еліміздің тау-кен металлургия саласындағы маңызды стратегиялық және инвестициялық жоба саналады.
Абай облысына жұмыс сапарым кезінде Үкімет басшысының тапсырмасымен ірі жобаның басталуына арнайы қатыстым.


Бұл — мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің нәтижесінде экономикалық өсудің жаңа нүктелері қалыптасқанының, өңірлердің өнеркәсіптік әлеуеті нығайып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеті артқанының айғағы.
Еліміздегі әрбір инвестициялық жоба – біріншіден, жаңа өндіріс, екіншіден, жаңа жұмыс орындары, үшіншіден, тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың нақты кепілі.
Сондықтан құрылысты бекітілген кестеге сәйкес жүргізудің, инвестициялық міндеттемелерді уақытылы орындаудың және өндірісті белгіленген мерзімде іске қосудың маңызы зор. Бесқарағай ауданындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Канонерка филиалының орман тұқымбағы мен орман тұқым станциясы кешеніндегі жаңашылдықтарды көріп шықтым.
Мемлекет басшымыз Ертіс бойындағы өртенген орман алқаптарын қысқа мерзімде қалпына келтіру туралы тапсырма бергені белгілі. Орман көшеттерін жабық тамыр жүйесімен өсіретін алғашқы әрі бірегей кешенде инновациялық технологияның арқасында қарағай көшетін өсіру мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарып, тұқымның өнгіштігі 95 пайызға дейін жеткен.
Алдағы уақытта орман қорын ұлғайту, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және орманды қалпына келтіруге қатысты жұмысты жүйелі жалғастыру керек.
Семейдегі ТЭЦ-1 кәсіпорнының өндірістік қызметі және алдағы жылу маусымына дайындығы назардан тыс қалған жоқ. Жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін облыстағы тозған жылу желілері 55,6%-дан 52,3%-ға дейін, оның ішінде Семей қаласында 58,2%-дан 54,1%-ға дейін азаяды.

Мемлекет басшымыздың тапсырмасымен қолға алынған Семейдегі автомобиль көпірінің құрылыс-монтаж жұмыстары 70 пайыз орындалған. Төрт жолақты қозғалысқа есептелген көпірге арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінген.
Қаражатты тиімді игеру және көпірдегі көлік қозғалысын белгіленген кестеге сәйкес қамтамасыз ету өте маңызды.
Сапар кезінде Қарағайлы тұрғын ауданындағы, Семей теміржол вокзалындағы жұмыс барысымен де таныстым. Семей вокзалы 1915 жылы салынған, соңғы рет 1972 жылы қайта жаңғыртылған, 2013 жылы күрделі жөнделген екен. Қазір құрылысшылар екі ауысымдық жұмыс режиміне көшкен, жолаушыларға ыңғайлы болу үшін уақытша күту орны ұйымдастырылған.
Мемлекет басшымыздың вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында Абай облысында 10 вокзал жоспарланса, Бородулиха ауданының Ауыл және Белағаш теміржол вокзалдары пайдалануға берілген. Қалған сегіз вокзалда жұмыс жалғасуда.
Қолға алынған жұмыстың басты көрсеткіші — сапа мен мерзім. Сапар қорытындысында жауапты басшыларға осы талаптың үдесінен шығу туралы тапсырма берілді.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары

Comments (0)
Add Comment