Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары барысында облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Бесқарағай ауданындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Канонерка филиалындағы орман тұқымбағы және орман тұқым станциясы кешенінің жұмысымен танысты.
Ертіс бойындағы өртенген орман алқаптарын қысқа мерзімде қалпына келтіру мақсатында 2016 жылы іске қосылған кешен Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы орман көшеттерін жабық тамыр жүйесімен өсіретін алғашқы әрі бірегей өндіріс орны саналады.
Инновациялық технологияның арқасында қарағай көшеттерін өсіру мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарып, тұқымның өнгіштігі 95 пайызға дейін жеткен. Бұл дәстүрлі әдіспен салыстырғанда әлдеқайда тиімді. Сонымен қатар жабық тамыр жүйесі көшеттерді отырғызу кезінде тамырдың зақымдануына жол бермей, олардың жерсіну көрсеткішін 90 пайызға дейін арттырады.
Кешендегі үш жылыжайда жыл сайын жабық тамыр жүйесімен 3 миллион 180 мың түп қарағай көшеті өсіріледі. Күз мезгілінде олар «Семей орманы» резерватының өртенген және орманды молықтыру қажет аумақтарына отырғызылады.
Биыл көктемде кешен аумағындағы қосымша 3,6 гектар жерге қарағай тұқымы себілді. Алдағы уақытта Жаңасемей ауданының Озерки ауылдық округінде жылына 6 миллион түпке дейін қарағай көшетін өсіруге мүмкіндік беретін жаңа орман тұқымбағының құрылысын салу жоспарланып отыр.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ