Ұлттық банк мөлшерлемені төмендетті: енді несие арзандай ма?

Өзгерістер бірдей барлық қатысушыға тиімді бола бермейді. Базалық мөлшерлемені төмендету – қаржы нарығындағы маңызды шешімдердің бірі. Мұндай қадам, әдетте, экономикалық белсенділікті арттыруға, несие құнын арзандатуға және іскерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталады.

Алайда бұл өзгеріс бірдей барлық қатысушыға тиімді бола бермейді. Бір жағынан, қарыз алушылар үшін қаржыға қолжетімділік артуы мүмкін болса, екінші жағынан депозиттен табыс табатын азаматтардың кірісі қысқаруы ықтимал. Сонымен бірге базалық мөлшерлеменің өзгеруі банктердің қаржыландыру құнына, табысына және несие саясатына да ықпал етеді. Ендеше бұл шешімнің нақты әсері қандай және одан кім көбірек ұтады.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжайдың айтуынша, базалық мөлшерлеменің төмендеуі қаржы нарығына әсер еткенімен, оның нәтижесі бірден байқалмайды. Банктер жаңа жағдайға бейімделіп, ішкі тәуекелдерін қайта бағалағаннан кейін ғана несие өнімдерінің шарттарын өзгерте бастайды.

«Базалық мөлшерлеме төмендегенде несиелердің пайыздық мөлшерлемесі де төмендейді, бірақ бұл бірден жүзеге аспайды. Оның белгілі бір уақыт аралығы болады. Алдымен банктер нарықтағы жағдайды бағалайды, тәуекел деңгейін, провизияларын ескереді. Осы факторларды саралағаннан кейін ғана несие пайыздарын біртіндеп төмендетуі мүмкін», – дейді Айбар Олжай.

Сарапшының сөзінше, классикалық экономикалық модельде базалық мөлшерлеменің төмендеуі депозиттердің де, несиелердің де пайыздық мөлшерлемесіне ықпал етеді. Сондықтан жоғары мөлшерлеме кезеңінде депозит тартымды саналса, мөлшерлеме төмендеген кезде несие алудың тиімділігі арта түседі. Сонымен қатар бұл өзгерістің банктерге әсері бірдей емес. Оның айтуынша, бәрі қаржы ұйымының бизнес-моделіне байланысты. Сырттан қаржы тартуға көбірек сүйенетін банктер үшін қорландыру құны арзандаса, негізгі табысын несие бойынша пайыздан алатын банктердің пайыздық кірісі қысқаруы мүмкін.

«Базалық мөлшерлеменің төмендеуі кейбір банктер үшін тиімді, өйткені облигациялар арқылы қаржы тарту арзандайды, яғни өтімділікті қамтамасыз ету құны төмендейді. Ал өтімділігі жоғары және негізгі табысын несиеден түсетін пайыздан алып отырған банктер үшін бұл шешім пайыздық кірістің азаюына әкелуі мүмкін. Комиссиялық табыстар бойынша айтарлықтай өзгеріс болады деп ойламаймын. Ал несие алатын азаматтар үшін бұл қолайлы жағдай қалыптастырады, өйткені қарыз арзандайды және пайыздық жүктеме азаяды. Қарыздық жүктеме төмендеген сайын азаматтардың несие алу мүмкіндігі де арта түседі. Ал депозитте қаражат сақтап отырғандар үшін керісінше тиімсіздеу, себебі депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі төмендейді. Сондықтан бұл шешімнің әсері қаржы нарығындағы әрбір қатысушы үшін әртүрлі болады», – дейді сарапшы.

Дегенмен Ұлттық банктің соңғы шешімі күтпеген қадам емес. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, Айгерім Ілиясова осындай пікірімен бөлісті. Сарапшы мұндай сценарий бұған дейін де болжанғанын, сондықтан базалық мөлшерлеменің 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендеуі нарық үшін заңды үрдіс екенін айтады.

«2026 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлеме біртіндеп 16%-ға дейін төмендейді деген болжам болған еді. Ұлттық банктің мөлшерлемені 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендетуі осы болжамды растап отыр. Сонымен қатар, 16–17% деңгейіндегі базалық мөлшерлеме экономиканың ұзақ мерзімді тепе-теңдік деңгейі емес. Бұл – экономикалық өсімді тежеуі мүмкін дағдарысқа қарсы қолданылып отырған шара. Сондықтан қазіргі көрсеткішті қалыпты жағдайдағы мөлшерлеме ретінде қабылдауға болмайды», – дейді Айгерім Ілиясова.

Экономика ғылымдарының кандидатының сөзінше, мөлшерлемені төмендетуге 2026 жылы инфляцияның 10,3%-ға дейін баяулауы негізгі алғышарттардың бірі болған. Соған қарамастан, инфляция әлі де екі таңбалы деңгейде қалып отырғандықтан, Ұлттық банк ақша-кредит саясатын өте сақ жүргізуге мәжбүр. Оның айтуынша, инфляцияның қалыптасуына тек базалық мөлшерлеме ғана әсер етпейді. Баға өсіміне ықпал ететін өзге де ішкі және сыртқы факторлар бар. Сондықтан реттеуші келесі шешімдерін қабылдағанда инфляцияның жалпы сипатын жан-жақты ескеруге тиіс.

 Qaz365.kz 

Фото: Inbusiness.kz

Comments (0)
Add Comment