Қоғам белсендісі Ерқанат Әбен құрылыс саласында қиын кезең басталуы ықтимал екенін жазды. Оның пікірінше, елімізде енді баспана бағасы өсуін тоқтатады. Себебі бұған халық табысының төмендеуі, қымбат ипотека, құрылыс компанияларының қарызы және мемлекеттік қолдаудың шектеулі болуы әсер етеді.
Сарапшының айтуынша, соңғы жылдары баспана нарығы халықтың нақты табысының өсуі арқылы емес, көбіне мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі қолдау шараларының есебінен дамыған.
«Билік халық табысының төмен екенін және оның айтарлықтай өспей жатқанын мойындағысы келмегендей әсер қалдырды. Бұл мәселе байқалған сайын жаңа тұрғын үй бағдарламалары немесе БЖЗҚ қаражатын пайдалану сияқты шаралар арқылы нарықты қайта ынталандыруға тырысты», – деп жазды Ерқанат Әбен.
Белсендінің пікірінше, мұндай тәсілдер нарықтағы мәселелерді уақытша ғана кейінге шегерді.
“Құрылыс компаниялары қарызға батып, сатып алушылар азайады”
Ерқанат Әбен құрылыс саласында «Evergrande әсері» болуы мүмкін екенін атап өтті. Оның сөзінше, жоғары табысқа үйренген құрылыс компаниялары көп несие алып, жаңа жобаларды көбейтті. Алайда бұл жүйе нарық үнемі өсіп тұрған кезде ғана тиімді. Егер сатылым баяуласа, компанияларға қарыздарын өтеу қиындайды.
«Бұрын пайда әкелген жоба енді кері бағытта жұмыс істеуі мүмкін. Табыстың орнына мәселелер көбейіп, бір қиындық екіншісін тудыруы ықтимал. Құрылыс компаниялары әлі де төлем қабілеті жоғары орта тап бар сияқты баға белгілейді. Бірақ шынайы жағдай халықтың мүмкіндігімен сәйкес келмейді», – деді ол.
Ерқанат Әбен инфляциямен күресу үшін жоғары пайыздық мөлшерлемелер енгізілгенін атап өтті. Соның салдарынан 20 пайыздан жоғары ипотека көптеген азаматтар үшін тиімсіз болып қалған. Бұрын несие бойынша артық төлем үй бағасының өсуі арқылы өтелсе, қазір бұл мүмкіндік азайған.
“Тұрғындар салынып жатқан үйлерден пәтер алуға бұрынғыдай асықпайды. Себебі адамдар құрылыс аяқталмай қалу немесе ақша жоғалту тәуекелінен қорқады. Бұл жағдай құрылыс компанияларын бұрынғыдай болашақ тұрғындардың ақшасы есебінен құрылыс жүргізу мүмкіндігінен айырады. Кез келген баспана міндетті түрде пайда әкелетін кезең аяқталды. Адамдар енді облигация, акция, депозит сияқты басқа инвестициялық құралдарға да назар аудара бастады. Кей жағдайда олардың табысы жалға берілетін пәтерден түсетін кірістен жоғары болуы мүмкін”, – деп қосты ол.
Белсендінің пікірінше, Ресейдегі геосаяси жағдай Қазақстан экономикасына да ықпал етуде. Бұл инфляцияға, экспортқа және бюджет кірісіне әсер етуі мүмкін.
“Бұл жолы мемлекет құрылыс саласын бұрынғыдай ауқымды бағдарламалар арқылы қолдай алмауы мүмкін. Себебі Ұлттық қордың мүмкіндігі шексіз емес, бюджет тапшылығы бар. Ал бұрынғы экономикалық ынталандыру тәсілдері бұрынғыдай нәтиже бермейді. Қорытындылай келе тұрғын үй нарығының тұрақты өсуі үшін ең басты фактор – мемлекеттік бағдарламалар емес, халықтың нақты табысының артуы”, – деп түсіндірді ол.
“Тұрғын үй бағасы өсе ме, әлде төмендей ме? Нарық қалай өзгереді”
Кейбір сарапшылар үй бағасы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты өседі деп есептейді. Алайда Ерқанат Әбен бұл фактор бағаны анықтайтын басты себеп емес екенін жеткізді. Айтуынша, нарықтағы бағаны тек құрылыс шығыны емес, ең алдымен сұраныс пен ұсыныс анықтайды.
«Егер нарықта дайын ақшасы бар сатып алушылар азайып, сатушылар көбейсе, бұрын үйді қанша ақшаға алғаның немесе құрылысқа қанша қаржы жұмсағаның маңызды болмай қалады Тағы бір жиі айтылатын пікір – Қазақстандағы тұрғын үйлерді ресейліктер мен қытайлықтар жаппай сатып алады деген болжам. Қытайлықтар туралы пікірді нақты дерекпен дәлелдеу қиын. Ал ресейліктердің Қазақстан нарығына қызығушылығы болуы мүмкін. Дегенмен олардың жаппай инвестиция жасауы екіталай. Қазақстанда тұруға рұқсат алу талаптары, қаржы аударудағы шектеулер, қолма-қол ақша тасымалдау тәуекелі және Қазақстанның қазір жылжымайтын мүлікке инвестиция салуға аса тартымды нарық болмауы әсер етеді. Сонымен қатар кейбір ресейліктер елді тұрақты мекен емес, уақытша бағыт ретінде қарастыруы мүмкін.”, – деп қосты ол.
“Ауылдан қалаға көшу мен халық санының өсуі бағаны ұстай ала ма?”
Ерқанат Әбен бұл факторлардың өздігінен бағаны көтеруге жеткіліксіз екенін айтады. Оның пікірінше, Қазақстанда бір жағынан қалаға көшіп жатқан адамдар саны көбейсе, екінші жағынан табысы жоғары мамандар кәсіпкерлер, IT-мамандар және топ-менеджерлер елден кетіп жатыр.
“Яғни тұрғын үйге жалпы сұраныс өсіп жатқанымен, төлем қабілеті жоғары сатып алушылар саны азаюы мүмкін. Халық санының көп болуы ғана тұрғын үй бағасын көтермейді. Егер халықтың әл-ауқаты өспесе, сұраныс та сапалы деңгейде артпайды. Тұрғын үй бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін тағы бір фактор – биліктің салық реформаларына қатысты шешімдері. Егер реформалар өзгеріп, бизнеске қысым азайса, бұл нарыққа психологиялық тұрғыдан оң әсер етуі мүмкін. Алайда нақты нәтиже уақыт өте көрінеді”, – деді ол.
Ерқанат Әбен адамдардың өз көзқарасына сәйкес келетін ақпаратты ғана қабылдауға бейім екенін атап өтті.
«Кейбір адамдар «үй бағасы ешқашан түспейді, ол әрқашан өсті және өсе береді» деген пікірді қайталайды. Бірақ нарықта мұндай сенім қателікке әкелуі мүмкін. Құрылыс компаниялары бұл жағдайда ең үлкен қысымға түседі. Алдымен шағын девелоперлер қиындыққа тап болып, үлескерлердің ақшасына сүйеніп жұмыс істейтін жобалар тоқтауы мүмкін. Ірі компаниялар да шығынды азайту үшін жаңа құрылыс жобаларын қысқартып, кейбір нысандарды уақытша тоқтатуға мәжбүр болады. Нарықта үйлерді үлкен жеңілдікпен сату жағдайлары пайда болуы ықтимал», — деп жазды Ерқанат Әбен.
Қоғам белсендісінің айтуынша, мұндай жағдайда ең алдымен қаржылық қоры әлсіз шағын құрылыс компаниялары қиындыққа тап болуы мүмкін. Себебі кейбір девелоперлер үйлерді үлескерлерден түскен қаражат есебінен салып келген.
“Ірі құрылыс компаниялары да шығындарды азайту үшін кейбір жобаларды уақытша тоқтатуға немесе пәтерлерді үлкен жеңілдікпен сатуға мәжбүр болуы ықтимал. Ал екінші нарықта инвестиция үшін пәтер сатып алғандар арасында алаңдаушылық күшеюі мүмкін. Баға шарықтаған кезде үй алғандар ақшасын қайтару үшін баспанасын тез сатуға тырысады. Соның салдарынан ескі үйлердің бағасы төмендеуі мүмкін.
Ерқанат Әбеннің айтуынша, мұндай жағдайда ең тиімді позицияда қолында дайын ақшасы бар сатып алушылар қалады. Олар нарықтағы жағдайды бақылап, баға төмендеген кезде тиімді ұсыныстарды күте алады.