Түрлі ұлтты ұйыстырған Жамбыл жырлары

Тараз қаласындағы Достық үйінде қазақтың ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты поэзия кеші өтті.
Тағылымды шараның мақсаты – жастар арасында ұлттық әдебиетті дәріптеп, ақын шығармашылығына деген қызығушылықты арттыру, сондай-ақ этнос жастарының өзара мәдени байланысын нығайту.
Поэзия кешін «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігі мен «Қоғамдық келісім» КММ бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараға өңірдегі түрлі этномәдени бірлестіктердің белсенді жастары қатысып, Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Олар ақын мұрасындағы елдік пен бірлік, адамгершілік пен отансүйгіштік идеяларын көрерменге жеткізуге тырысты.
Қатысушылардың өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында «Қоғамдық келісім» КММ көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева, аталған мекеменің «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімінің жетекші сарапшысы Назерке Оңғар, «Жастар ресурстық орталығының» қызметкері Мұқтарәлі Әбуәлі болды. Олар үміткерлерді дауыс мәнері, сахна мәдениеті, шығарманы көркем жеткізу шеберлігі, тіл тазалығы және туындыны таңдау деңгейі бойынша бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілі Мухабат Алеханова бірінші орынды иеленді.
Ал екінші орын «Архыз» қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің белсендісі Жасмина Газаеваға бұйырса, үшінші орынды облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Хадия Караматуллаева еншіледі.
Сондай-ақ, «Ахыска» этномәдени бірлестігінің мүшесі Нұрсұлтан Искендиров пен «Қазақстан татарлары мен башқұрттарының конгресі» қоғамдық бірлестігінің аймақтық филиалының өкілі Санджар Нуров алғыс хаттармен марапатталды.
Шара соңында жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар, алғыс хаттар және қаржылай сыйлықтар табысталды.
Comments (0)
Add Comment