“Жақсыда кек жоқ, кектіде тек жоқ”

Адамның шынайы биіктігі байлығымен де, мансабымен де өлшенбейді. Оның өлшемі – жүрегінің кеңдігі мен кешіірімді бола білуінде.
Кек – адамның өзгені емес, ең алдымен өзін тұтқынға алатын сезім. Ол жүрекке ұялаған сайын мейірімнің орнын өшпенділік, парасаттың орнын ашу басады. Сондықтан дана халқымыз: “Жақсыда кек жоқ, кектіде тек жоқ” деп, адамдықтың өлшемін бір ауыз сөзбен түйіндеген.
Стоицизм философиясы да кек сақтауға мүлдем теріс қарайды. Олардың көзқарасы бойынша, кек – адамның рухани тыныштығын бұзатын және сананы улайтын ең ауыр деструктивті эмоция.
Біз сол жамандық жасаған адамға дәл сондай қайтарым жасасақ, ол адамға біздің эмоциямызды басқаруына жол бергеніміз.
Яғни біздің жеңілгеніміз.
Стоиктердің бұл мәселеге қатысты ұстанымдарына тоқталсақ, біздің бақылауымыздан тыс нәрселерге яғни басқа адамдардың әрекетіне алаңдау немесе реніш сақтау – бұл табиғат заңдарына қайшы әрекет.
Ақылдың жеңісіне тоқталсақ, кек эмоциясы адамды ақыл-ойдан айырып, әлсіз етеді. Марк Аврелий: “Ең жақсы кек – жамандық жасаған адамға ұқсамау” деп есептеген.
Жақсы адам ренішті жоққа шығармайды, бірақ оны жүрегіне тұрақтатпайды. Өйткені ол кектің ешқашан жараны емдемейтінін, қайта оны тереңдете түсетінін біледі. Кешірім – болған оқиғаны ұмыту емес, сол оқиғаның өз тағдырыңа билік жүргізуіне жол бермеу.
Бабаларымыз да, “Таспен атқанды аспен ат” дегенде, рухыңның биік болуын өсиет еткен. Жамандыққа жамандықпен жауап беру оңай. Ал жамандыққа адамдықпен жауап беру – нағыз тектінің ісі.
Абай атамыздың, “Ит мені қапты екен деп, мен де оны қапсам, адамдық аузымда не қасиет қалады?”– деген ойы осының дәлелі. Біреудің мінезі біздің мінезімізді анықтамауы керек. Өзгенің ашуы өзіміздің адамдығымызды жеңбеуге тиіс.
Өмірде бізді ренжітетін адамдар бізге екі жолды ұсынады.
Бірі– кекке еріп, өзіміздің ішкі тыныштығымыздан айырылу.
Екіншісі – кешірімді таңдап, адамдық биігімізді сақтау. Нағыз жеңіс – қарсыласыңды жеңу емес, өз нәпсіңді жеңу. Өз болмысыңнан ажырамау.
Қарсы тараптың деңгейіне түспеу.
Кек уақытша қанағат сыйлағандай көрінуі мүмкін. Бірақ оның соңы – өкініш. Ал кешірім кейде ауыр таңдау болғанымен, оның соңы – жан тыныштығы.
Қазақ “тек” деген сөзді жай ғана шыққан тегі емес, адамның ішкі асылдығы, парасаты, тектілігі деп түсінген. Сол себепті “Кектіде тек жоқ” деген сөз – кек адамның тектілігін әлсірететінін меңзейтін терең философиялық тұжырым.
Адамның қадірі өзгенің жасаған жамандығына қалай жауап бергенінен танылады. Өйткені жамандық жасау үшін ашу жеткілікті, ал жақсылық жасау үшін жүрекке мейірім керек.
Сондықтан жүрегімізге кек емес – мейірім, ашу емес – сабыр, өшпенділік емес – адамдық ұяласын.
Өйткені жақсы адам кекпен емес, кешіріммен ұлық. Ал текті адам өзгеден емес, өз нәпсісінен биік тұрады.
АМАН БОЛАЙЫҚ…
Comments (0)
Add Comment