Тараз қаласында Төле би даңғылын абаттандыру жобасы аясында емдеуге келмейтін және құрылыс жұмыстарына кедергі келтіретін ағаштарды кесу мәселесі бойынша тұрғындармен ашық талқылау өтті. Кездесуге қала әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, жоба барысын таныстырып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен сауалдарын тыңдады.
Шаһарда халықаралық «Достастық жәрмеңкесіне» дайындық аясында Тараз қаласында жалпы алты ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, «Таза тыныс» саябағы, «Төрткүл» керуен сарайы, Абай даңғылын Д.Қонаев көшесінен Ы.Сүлейменов көшесіне дейінгі аралықта абаттандыру, «Этноауыл» кешені, «Әулие-Ата» әуежайынан Айша бибі көшесіне дейінгі жол бойындағы саябақ құрылысы және Желтоқсан көшесінен Орталық алаңға дейінгі аралықтағы Төле би даңғылын абаттандыру жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Төле би даңғылын абаттандыру жобасы 2025 жылы әзірленіп, биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. 2026 жылғы 23 қаңтарда мердігер мекеме – «АБДИ-СТРОЙ» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 30 пайызы орындалып, нысанды ағымдағы жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Кездесуде тұрғындарды толғандырған негізгі мәселе – Төле би даңғылы бойындағы терек ағаштарын кесу болды. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл шешім ғылыми зерделеу қорытындысына сүйене отырып қабылданған.
Осы мақсатта Ботаника және фитоинтродукция институтының мамандары Тараз қаласындағы бірқатар саябақтарда, орталық көшелерде және қоғамдық орындарда ағаштарға кешенді инвентаризация жүргізген. Зерттеу барысында ағаштардың санитарлық жағдайы, биологиялық жасы, өміршеңдігі мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі жан-жақты бағаланған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, Төле би даңғылы бойындағы ағаштардың бір бөлігі ауруға шалдыққан, 90-ға жуық терек табиғи қартаю кезеңіне жеткен және емдеуге келмейтін күйде екені анықталған. Оның ішінде 27 ағаштың санитарлық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылып, оларды кесу қажеттігі туралы нұсқама берілген.
Мамандардың айтуынша, кесілетін ағаштардың орнына өтемдік көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Жоба аясында биіктігі 2–2,5 метр болатын 100 көшет отырғызу жоспарланған. Оның ішінде 50 дана жасыл шаған және 50 дана катальпа ағашы егіледі. Бұл ағаш түрлері өңірдің климаттық жағдайына бейімделген әрі қаланы көгалдандыру талаптарына сәйкес таңдалған.
Қоғамдық талқылау барысында тұрғындар ағаштарды кесу себептері, жаңа көшеттерді күтіп-баптау, көлеңкелі аймақтарды сақтау және абаттандыру жұмыстарының сапасына қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Қала әкімі барлық сауалдарға жауап беріп, тұрғындардың ұсыныстары назарға алынатынын жеткізді.
Іс-шара ашық пікір алмасу форматында өтіп, жауапты сала мамандары тұрғындарды толғандырған барлық мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірме берді. Жауапты мекеме өкілдерінің мәліметінше, Төле би даңғылын абаттандыру жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, жаңартылған қоғамдық кеңістік тұрғындардың игілігіне беріледі.