Таразда «Тыңда дала, Жамбылды!» облыстық термешілер байқауы өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен қазақтың төл өнерін ұлықтаған «Тыңда дала, Жамбылды!» атты облыстық термешілер байқауы өтті.

Ұлттық өнердің мәйегі саналатын терме дәстүрін дәріптеуге арналған байқауға Жамбыл облысының аудандары мен Тараз қаласынан келген дарынды термешілер қатысты. Атап айтқанда, Меркі, Жамбыл, Байзақ, Қордай аудандары мен Тараз қаласынан барлығы 9 өнерпаз өзара бақ сынап, көрерменге рухани әсер сыйлады.

Өнер додасына әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында Мәдениет саласының үздігі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов төрағалық етті. Сондай-ақ қазылар қатарында Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші-термеші Маралбек Бабақұлов және күйші, өнер қайраткері, Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Панабек Ахметов болды.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Байзақ ауданының намысын қорғаған Бекарыс Көштаев жеңіп алды. І орын Меркі ауданынан қатысқан Бейбіт Шошабаевқа бұйырды. ІІ орынға Жамбыл ауданынан Нұрлыбек Таласбаев пен Тараз қаласының өнерпазы Дамир Рахымбердиев лайық деп танылды.

Ал ІІІ орынды Жамбыл ауданынан Әбілқайыр Сәрсенбай мен Қордай ауданынан келген Ерғат Тәжібаев иеленді. Байқауға қатысқан өзге өнерпаздарға алғыс хаттар табысталды.

Ұлттық өнердің өміршеңдігін айшықтаған бұл байқау жас термешілердің шығармашылық шабытын шыңдап, халқымыздың асыл мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жалғайтын маңызды рухани алаңға айналды.

Байқаудың негізгі мақсаты – халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен терме өнерін дамыту, термешілік дәстүрдің сабақтастығын сақтау, Жамбыл Жабаевтың терме-толғауларын кеңінен насихаттау, ұлттық мақам мен орындаушылық ерекшеліктерді жас ұрпақтың санасына сіңіру, сондай-ақ талантты термешілердің шығармашылығына қолдау көрсету.

TURANINFO.KZ ақпарат агенттігі

Comments (0)
Add Comment