Елдікті сақтау – кісінің кісілігі

Қаратау елімен соңғы екі ғасыр бойы бірге жасасып келе жатқан Кіші жүздің Тама руының «Жабал» атты атасы бар. Ел арасында «Жаман өлді демейді, Жабал өлді дейді» деген қанатты сөз айтылып жүргенімен, оның мағыналы, елдік сипатты, өнегелі мәніне көпшілік мән бере бермейді.
Кеңес өкіметі орнағанға дейін қазақтың басы қосылатын той, ас, Арқа жерінде өтетін съездер мен ояз жиындарына әр ру басы, болыс, датқа күреске түсетін палуанын, дауға түсетін биін, бәйгеге қосатын тұлпарын, айтыскер ақыны мен жыршысын, сойыс малы мен саба-саба қымызын дайындап баратын болған.
Сондай бір үлкен жиынға қызу дайындалып жатқан кезде ауылда ақыл-есі кемдеу, ет жақыны жоқ, елдің қамқорлығында жүрген бір жан кенеттен қайтыс болады. Сонда желіккен жастар: «Жолдан қалмайық, біз кетсек те, ауылдағылар жерлей салар», – деседі.
Сонда ауыл ағасы: — «Жаман өлді демейді, Жабал өлді дейді». Сен пәленше, пәлен үйді әкеліп тігесің. Сен пәленше, бата оқыр мен жетісінің сойысын көтересің. Сен, жылқы байлап отырған елдің сусынын дайындайсың. Мүсәпірдің қырқы өткенше ешқайсың жиын-той деп желікпейсің, – деп тапсырма берген екен.
Бүгінде адамдардың мейірімі мен шапағаты азайып кетті ме, ағайынның топырағы кеппей жатып той тойлау жиілеп кеткендей көрінеді. Ел арасында айтылып жүрген кейбір сөздердің осындай бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды тарихы бар.
Екінші әңгіме Созақ өңірінің шежіресін жазған Е. Өмірбекұлының естелігінде айтылады:
«Соғыстан кейін «Шаруашылықты қалпына келтіру» ұранымен еңбек етіп жатқан қатал кезең еді. Аудандық партия комитетіне «малы кем» деген хабар бойынша Ақсүмбе ауылының бір шаруашылығын тексеруге бардым. Шаруашылық иесі – жергілікті Божбан Сапарбай болыстың баласы Орқа екен.
Ол кезде мұндай мал аз болатын. Малды санап шыққанымызда қырықтай ұсақ мал жетіспеді. Бұл сол уақыттың өлшемімен бес-алты жыл арқалайтын ауыр қылмыс саналатын. Акт жасап, атқа мініп жолға шыға бергенімде, сұңғақ бойлы, сыры кетсе де сыны кетпеген бір бәйбіше атымның шылауынан ұстап:
— Әй, Есіркеп, жалғызды жаныңа байлап кеткенде не мұратқа жетпексің? Аттан түс. Сен бір шай ішкенше, ағайын аман болса, дүниені орнына келтіреді, – деді.
Бәйбішенің сөзі менің коммунистік белсенділігімді де, заманның қаталдығын да ұмыттырып, аттан түсірді. Айтқанындай, бір шай ішкен уақыттың ішінде әлгі малды алдыма әкеліп санатып, қоғам малына қосып берді. Кейін білдім, әлгі бәйбіше – Қаратау болысын ұзақ басқарған Исаұлы Жәнәділдің туған қарындасы, Орқаның анасы Талмаш екен», – деген еді.
Міне, қазақтың елдік сипатын танытатын, кісілікке негізделген мінезі осындай болған. Сондықтан халқымыз: «Адамнан мал емес, ар қалады», «Жақсының аты, жаманның даты қалады» деп бекер айтпаған.
Төребек ТҰРҒАНБЕКҰЛЫ
Comments (0)
Add Comment