Қазақстан мен АҚШ өнеркәсіптік суды қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Астанада «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» КЕАҚ, америкалық IBL Elements компаниясы және Қазақстанның мұнай-газ ұйымдарының өкілдері қатысқан жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараның негізгі тақырыбы мұнай-газ өндіру процесінде пайда болатын өнеркәсіптік және қабаттық суды зерттеу, тазарту және кешенді пайдалану саласындағы заманауи технологияларды енгізу болды.
Атап айтқанда, тараптар өнеркәсіптік суды тазартуға, оларды қайта пайдалануға, сондай-ақ олардың құрамындағы компоненттерді зерттеуге және құнды әрі аса маңызды минералдарды алу перспективаларына бағытталған инновациялық технологиялық шешімдерді іс жүзінде қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша «Қазгидрогеология» КЕАҚ, IBL Elements компаниясы және «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжат жаңа технологиялық шешімдерді өндірісте практикалық тұрғыдан сынақтан өткізуге негіз қалайды.
Өнеркәсіптік суға кешенді тәсіл қолдануға ерекше назар аударылады. Бүгінде олар мұнай өндірудің кәдеге жаратуды қажет ететін ілеспе өнімі ғана емес, сонымен қатар әлеуетті су және минералдық-шикізат ресурсы ретінде қарастырылады. Ынтымақтастық аясында қабаттық судың құрамын зерттеу, оларды тазарту және қайта пайдалану мүмкіндіктерін анықтау, сондай-ақ құрамындағы құнды компоненттерді бөліп алудың экономикалық тиімділігін бағалау көзделеді.
«Бұл кездесу Қазақстан мен АҚШ тараптары арасындағы серіктестікті дамытудың маңызды практикалық қадамы болды. Қол қойылған үшжақты меморандум бірлескен пилоттық жобаны іске асыруға және тиімді технологиялық шешімдерді Қазақстанның басқа да мұнай-газ нысандарына кейіннен масштабтауға негіз қалыптастырады», – деді «Қазгидрогеология» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Бекнияз.
Comments (0)
Add Comment