— Қайсысын көбірек тамақтандырсаң, сол жеңеді,

Бір күні данагөй қарияға өмірдің мәнін іздеп жүрген бір жас жігіт келеді. Жүзінен мазасыздық байқалады. Көңілі алай-дүлей. Біраз үнсіз отырған соң, ол қарияға:
— Ата, мен өз-өзіммен күресіп жүрмін. Кейде біреуге жақсылық жасағым келеді, кешіргім келеді, сабыр сақтағым келеді. Бірақ кейде ашу жеңіп кетеді. Қызғаныш, өкпе, реніш, нәпсі мен менмендік те бой көтереді. Ішкі жан дүниемде бір-бірімен арпалысып жатқан екі түрлі қасқыр бар секілді. Бірі мені ізгілікке бастайды, екіншісі қараңғылыққа сүйрейді. Айтыңызшы, ақырында қайсысы жеңеді? — деп сұрайды.
Қария сәл жымиып, алыстағы көкжиекке көз тастап біраз ойланып қалады. Сосын жай ғана:
— Балам, екеуі де сенің бойыңда өмір сүреді. Бірі – мейірім, сабыр, адалдық, кешірім, еңбек пен үміттің қасқыры. Екіншісі – ашу, қызғаныш, жалқаулық, тәкаппарлық, өтірік пен нәпсінің қасқыры. Олар күн сайын бір-бірімен арпалысады.
— Сонда қайсысы жеңеді? – деп тағатсыздана қайта сұрайды жігіт.
Қария оның жүзіне тіке қарап:
— Қайсысын көбірек тамақтандырсаң, сол жеңеді, – дейді.
Жақсылықты ойласаң – жақсылық күшейеді. Кешірімді көбейтсең – жүрегің кеңейеді. Еңбек етсең – ерік-жігерің бекиді. Ал ашуға ерік берсең, қызғанышқа жол ашсаң, жаман ойға қайта-қайта оралсаң, қараңғы қасқырды өз қолыңмен асырап жүргенің.
Адам тағдырын көбіне сыртқы жағдай емес, ішкі дүниесінің қай жағын қоректендіргені айқындайды. Өмірдегі ең үлкен жеңіс – өзгені жеңу емес, өз бойыңдағы жамандықты жеңу. Өйткені адам күн сайын өз мінезін өзі тәрбиелейді. Ал мінез – ертеңгі тағдырдың бастауы.
Бұл тәмсілдің түйіні өте қарапайым: адамның өмірін оның таңдауы қалыптастырады. Жақсылыққа күн сайын азық берген жүректе жарық көбейеді, ал жамандыққа жол берген көңілдің қараңғылығы қалыңдай береді…
Желіден алынды
Comments (0)
Add Comment