Астанада бір жасар сәбиден туберкулез анықталғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Баланың туысының айтуынша, бір жасар жиеніне туберкулез диагнозы қойылған. Оның сөзінше, ауру компьютерлік томография нәтижесінде расталған.
Әлеуметтік желідегі жазбада баланың медициналық мекемеде туберкулездің ашық түрімен ауыратын медбикемен байланыста болуы мүмкін екені айтылған. Осыған байланысты баланың туыстары Денсаулық сақтау министрлігінен жағдайды тексеріп, сәбидің туберкулезді қай жерде жұқтырғанын анықтауды сұраған.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
Комиссия құрамына басқарманың штаттан тыс мамандары – педиатр, фтизиатр, пульмонолог, сәулелік және функционалдық диагностика маманы кірді. Сонымен қатар тексеру жұмыстарына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің мамандары қатысады.
Қазіргі таңда баланың туберкулезді медициналық мекемеде жұқтырғаны немесе жұқтырмағаны нақты анықталған жоқ. Бұл мәселе арнайы комиссия жүргізіп жатқан тексеру нәтижесінде белгілі болады.
Дереккөз: https://politico.kz/kz/article/astanada-bir-zhasar-sabiden-tuberkulez-anyqtaldy?fbclid=IwY2xjawTUQQJleHRuA2FlbQIxMQBzcnRjBmFwcF9pZBAyMjIwMzkxNzg4MjAwODkyAAEeFr_uBvNlx0YHsYC9ooPjdHNgRx2JQPZHDy44CiXu4H8CpatDk85EMeiT4IU_aem_bh4mtH2ff0xmvdhn_8gVDQ
Фото: magnific.com