Мереке Құлкенов деген есімді «Ана тілі» газеті арқылы таныған шығармын. Кейін «Өлке» баспасында көрдім. Осы басылымдарға басшылық жасайтын ағамызды сыртынан ғана білеміз. Барып амандасуға батылымыз жетпейді. Бірақ Атыраулық болғасын іш тартып, өзімізше иеленіп жүреміз.
Содан Казгудің журналистика факультетін аяқтайтын 2001 жылы емтихан алуға комиссия төрағасы болып келді. Бәріміз қорқасоқтап іште отырмыз. Бір мезетте Аманқос Мектептегі деген ұстазымыз «Есік алдында ақылы бөлімде оқитын өте талантты бір студентіміз жылап тұр. Соңғы оқу кезінің ақшасын төлей алмай, емтиханға жіберілмеген» деді.
Мереке аға «Кірсін, қатыссын. Төлейтін қағазын әкелсін» деп лезде оқу ақысын төлеп берді.
Әлгі досымыз өз алдына, біз бөркімізді аспанға ата қуандық. Бұл кішкене ғана ерлігі шығар ағаның. Бірақ бір адамның диплом алардағы тұтас тағдырының шешуші сәті еді. Міне, осы аралықта қанша жылдың басына су құйдық.
БҚО ға 2007-2012 жылдары Бақтықожа Ізмұхамбетов әкім болып келгесін Мереке ағаны өте жақын тани бастадым. Біздің өңірге Есенғали Раушанов ағамыз екеуі жиі келіп жүрді. Екеуінің табиғаты екі бөлек, бір-біріне мүлде қарама-қайшы тұлғалар. Есағаң алақұйын, Мереке аға жаймашуақ. Бірақ құстың қос қанатындай еді. Екеуі егіз ұғым боп қалыптасып кеткен. Қаншама игі істерге мұрындық болды. Қанша талантты жастарға қолдау білдірді. Соның барлығы ел-жұртының алдында, дер шағында еленуде.
Қазіргі таңда Жазушылар Одағының тізгінін ұстап отырған ардақты ағамыздың бүгін туған күні.
Жасыңыз құтты, деніңіз сау болсын, жақсы аға!!!