Ақын Бекжан Әшірбаев дүниеден өтті

76

Оның жырлары мен әндері, қаламгерлік еңбектері кейінгі буынға рухани мұра болып қала бермек. Қазақтың айтыс өнеріне өзіндік өрнегін салып, жыр әлемінде дара қолтаңбасын қалыптастырған дарынды ақын, талантты сазгер, журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби және Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлықтарының лауреаты Бекжан Әшірбаев мезгілсіз дүниеден өтті.

Бекжан Төребекұлы Әшірбаев 1974 жылы Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының «Ленин жолы» ауылында дүниеге келген. Өмірін өлең мен өнерге, журналистика мен әдебиетке арнаған қаламгер 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдады.

Бекжан Әшірбаевтың еңбек жолы баспасөз саласымен тығыз байланысты болды. 2002-2006 жылдары «Қазақ университеті» газетінің редакторы қызметін атқарды. 2005-2006 жылдары республикалық «Azamat.kz» қоғамдық-саяси апталығы бас редакторының бірінші орынбасары, 2006 жылы «Ел мен Жер» қоғамдық-саяси апталығының бас редакторы, 2007 жылы «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторының орынбасары, 2008 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары болып еңбек етті.

Қаламгердің шығармашылық мұрасы да қомақты. 2008 жылы «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Қоңыр әуен» жыр жинағы оқырманға жол тартты. Бұдан бөлек, ақынның бірнеше өлеңдер жинағы жарық көріп, оның әдеби ортадағы өзіндік орнын айқындады.

Бекжан Әшірбаев айтыс өнеріне де ерте араласты. Ол 1989 жылдан бері республикалық ақындар айтысына қатысып, суырыпсалма өнердің дамуына өз үлесін қосты. Айтыстағы өткір ойы, ұтқыр сөзі мен көркем тілі оны елге танымал ақындардың біріне айналдырды.

Ақындық өнермен қатар, Бекжан Әшірбаев сазгерлік қырымен де көпшілікке танылды. Оның әуесқой сазгер ретінде шығарған «Көршінің қызы» әнін белгілі әнші Тоқтар Серік орындап, шығарма қалың тыңдарманға кеңінен тарады. Бұл туынды оның музыка әлеміндегі талантын танытқан шығармалардың бірі болды.

Бекжан Әшірбаевтың ғұмыры қысқа болғанымен, шығармашылық жолы мазмұнды, өнегесі тағылымды болды. Ол әдебиетке, журналистикаға, айтыс өнері мен қазақ ән өнеріне өзіндік үлесін қосып, артында өшпес із қалдырды. Оның жырлары мен әндері, қаламгерлік еңбектері кейінгі буынға рухани мұра болып қала бермек.

Қазақ әдебиеті мен журналистикасы орны толмас қазаға душар болды. Артына өшпес сөз, өнегелі іс қалдырған талантты азаматтың жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақталады.

Qaz365.kz ұжымы ақынның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына, әріптестері мен қаламдастарына, барша оқырман қауымға қайғырып көңіл айтады.

Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын!

 Qaz365.kz.

фото; Ашық дереккөздерден

Leave A Reply

Your email address will not be published.