АҚЫЛДЫ БОПАЙ ХАНЫМ ҚАЛАЙ БАРА БӘЙБІШЕ АТАНДЫ?……

68
Бір күні Кiшi жүздегi əйгiлi батыр Жəнiбек пен Әбiлқайыр жолда келе жатып кеш түсе бiр ауылға кез болады. Бұл бiр батырдың ауылы екен.
Ауыл иесi аса бай, жасы үлкен кiсi екен. Оның бой жетiп отырған қызы Бопай сұлуды көргенде Әбiлқайыр ақыл-есі кете ғашық болады. Жəнiбек батыр жас төренің бұл мінезіне таңғалады.
Келесi күнi жолға аттанған Әбiлқайыр күтпеген өнер шығарып, сол ауылда қалатынын айтады, Жəнiбек батырға ары қарай өз жөнiмен жалғыз кетеді. Қызға есі кете ғашық болан Әбілқайыр «Қайтсем де Бопай сұлуды алмай тынбаймын» — деп оған ермей қалып қойған екен.
Қыз ауылына қайтып келген Әбiлқайыр өзiнiң төре тұқымынан екенiн жасырып Бопайдың әкесiнiң малын бағуға жалданады. Ұзын бойлы, батыр тұлғалы, жiгiттiң сұңқары Әбiлқайыр батыр жылқышы болып жүрсе де, аз уақыт iшiнде ауыл адамдары арасында сенімге ие бола бастайды.
Көп ұзамай сырын ашқан жас батырды Бопай сұлу да ұнатып қалады осылай екі жастың арасындағы сезім ұлғая түсіп ақырысында Әбілқайыр Бопай сұлудың əкесiнен рұқсат сұрауға бел буады.
Мұндай жағдайды күтпеген қыздың әкесi қызының бағасын білгендіктен, өзіне жылқышы кедей жігітті тең көрмейді де ол қызын Әбілқайырға берместің амалын іздестіріп, «Қызымның қалың малына ала аяқты 90 күрең ат және 60 боз ат әкелесiң, әйтпесе қызымды бермеймiн», — деп шарт қояды.
Аталған шарт жас батырға ауыр тиеді. Дегенмен көзсіз ғашық болған Әбілқайыр қыз әкесінің шартын орындауға жолға аттанады. Ал Бопай сұлудың әкесі «Жалғыз атты кедей жiгiт бұл шартымды орындай алмас», — деп үмiттенеді. «Тiрi жүрсем Бопай сұлуды алмай тынбаймын», — деп серт берген Әбiлқайыр әлгi айтқан жылқыны ағайындарынан, ел-жұрттан сұрайды, алайда ешқандай нәтиже шықпайды.
Шарқ ұрған жас батырдың осындай аянышты күйiн естіген Жәнiбек батыр жетiп келедi. Қу кедейлiк қолын кесiп отырған жас төренi аяған, әрi келешегiне сенген Жәнiбек батыр Әбiлқайырға керектi 150 айғырды өз жылқысынан шығарып, санап бередi.
Оған қоса ол өзi барып Бопай сұлудың әкесiне қазақтың әдет-ғұрпы бойынша құда түседі. Сөйтiп, əйгiлi қазақ батыры Жəнiбек екi ғашықтың басын қосып, үлкен азаматтық іс жасаған екен». Қалай болғанда да Әбiлқайыр сынды жас батырдың Бопай секілді әйгiлi сұлуға үйленуi оның шын мəнiнде өмiрдегi бақыты едi.
1711 жылы олардың тұңғыш баласы Нұралы дүниеге келді. Бопай төре ұрпағының шаңырағына құтты келін болды. Ол келiн болып түскелi Қажы сұлтан шаңырағының құт-берекесі арта түсті. Әбілқайырдың тасы өрге домалады.
Көп ұзамай Әбiлқайырды Кіші жүздің игi жақсылары ақ киiзге көтерiп хан сайлады. Бопай сұлудың өз басы да қазақ әйелiне тән кiшiпейiлдiлiк, ақылдылық, ұстамдылық, парасаттылық жəне басқа сол секілді қасиеттерiмен Әбiлқайыр шаңырағында жақсы келiн, әрi жақсы бəйбiше атанды.
Әйел болса да ердiң ақылы мен батырлығын өз бойына сыйдырған абзал жан едi. Бопай сұлудың аса беделдi болғаны соншалық Әбiлқайыр ханның көптеген саяси iстерiн ақылмен шешуге көмектескен.
Батыр атанған Әбілқайырдың қилы мінездеріне тоқтау айтып, сабырлылыққа шақырып, сабасына түсiрiп, қиын мəселелердi бабымен шешуге көмектескен.
Бопай Әбілқайыр ханның ел басқару ісінде кеңесшісі, арқа сүйер тірегі болған. Елдің ішкі жəне сыртқы саясаты мəселелері шешілетін құрылтайларда Бопай өзі құқық білгірлері билер мен шешендік өнер иелерімен қатар сөз сөйлеп ел басқару ісіне қатысқан. «Бопай сұлу өзінің ақылымен құрметке ие болған, сондықтан да кей кездері орданы басқару ісіне үлкен әсер еткен.
Әдетте әйелді барлық қоғамдық жұмысқа араластырмайтын қарым-қатынастың болғанына қарамастан, Бопай сұлудың өзінің жеке мөрі болған», — деп Қазақстан тарихы бойынша ірі маман А.И.Левшин жазып өткен.
Сондықтан ел iшiнде қадірі артқан Бопай анаға халқы мəртебелі, парасатты «Бара бəйбiше» атағын сыйлаған.
Әбілқайыр ханның сүйген жары Бопай сұлу. Картинаны Әбілқайыр хан ордасында болған неміс тектес ағылшын суретшісі Джон Кэстль салған.
Максат Скаков

Leave A Reply

Your email address will not be published.