Абай облысында көктемгі егіске дайындық барысы қаралды

45
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте көктемгі егіс және дала жұмыстарына дайындық барысы талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 789,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 299,2 мың гектар – дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары, 340,3 мың гектар – майлы дақылдар, 138,0 мың гектар – жем-шөп, 6,6 мың гектар – картоп, ал 5,2 мың гектар – көкөніс және бақша дақылдары.
Облыста картоптың егіс алқабын кеңейту бойынша нақты шаралар қабылданып, ірі шаруашылықтарды тарту жұмысы күшейтілді.
Сонымен қатар жүгері алқабын ұлғайту және мал шаруашылығының дамуына байланысты жем-шөп базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Майлы дақылдар көлемін кемінде өткен жылдың деңгейінде сақтау көзделген.
Облыс тұқыммен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 6,6 мың тонна элиталық тұқым сатып алынуда, тұқым сапасын тексеру жұмысы жалғасуда. Тыңайтқыштар бойынша 2026 жылға жоспар 82,9 мың тоннаны құрайды. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде тыңайтқыштарды қолдану деңгейі 50,6 пайызға жетіп, айтарлықтай өсті.
Көктемгі егіс жұмыстарына 12630 техника жұмылдырылады. Олардың дайындығы 90 пайызды құрайды. Жанар-жағармайға сұраныс 29,6 мың тонна болса, оның 25,9 мың тоннасы бөлінді. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Өткен жылы 592 бірлік техника сатып алынып, жаңарту деңгейі 6,7 пайызға жетті. Биыл бұл көрсеткішті 8 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кең дала» бағдарламасы аясында 14 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда 78 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 7,1 млрд теңге қаражатты игерді. Бұл фермерлерге қажетті ресурстарды алдын ала алуға мүмкіндік беруде.
⏫️Аймақ басшысы ауыл шаруашылық басқармасына және аудан әкімдеріне егіс науқанын уақытында бастауды, тыңайтқыш енгізу жоспарын орындауды, техника паркін жаңарту көрсеткіштеріне қол жеткізуді, дизель отыны үшін төлемдердің уақтылы жүргізілуін және «Кең дала» бағдарламасы аясындағы бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан көктемгі науқанды уақтылы және сапалы өткізу аса маңызды. Техника дайындығы, тұқым қоры, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселелері толық шешімін табуы тиіс», – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.