Байзақ ауданында “Билер кеңесі” орталығы ашылды

596

«Татуластыру: сотқа дейін, сотта» жобасын іске асыру аясында, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында «Билер кеңесінің» орталығы ашылды.

Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне аудандық сотының төрағасы Е.Тилеубеков, судья Аңсабек Назарқұлов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова, аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев және кеңес мүшелері қатысты.

Іс-шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев ашып, қатысушылардың назарын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында билер кеңестерін ұлттық қазына деп атағанын алға тартып, халық арасында жаппай насихаттауға шақырғанын жеткізді.

Аудандық сот төрағасы Ерғазы Тилеубеков өз кезегінде «Билер кеңесі» орталығы азаматтар арасындағы дауларды шешу үшін өз үлесін қосатынын, бұл адамның әділеттілік, бәсекелестік және толыққандылықты еркіндігін білдіретінін айтты. Өз баяндамасында судья Аңсабек Назарқұлов кеңестің негізгі міндеті — медиация институтын біріктіру, билер институтын жаңғырту және азаматтық, қоғамдық бірліктің, қоғамдағы бүкілхалықтық бірліктің қағидаты негізінде қазақстандық бірегейлікті жетілдіру екендігімен атап өтті.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова баяндама жасады. Өз сөзінде Шолпан Қайратқызы дәстүрлі «Қазақ заңы» негізінде дауды шешу қабілеті бар әлеуметтік және өзге де дау-жанжалдарды шешу бойынша талдау жүргізу, қазақтың қарапайым құқығын қолдану арқылы тұрғындардың арасында пайда болған дауды шешу бағытында тәжірибелік көмек көрсету, бүкілхалықтық ынтымақтастықты және қоғамдық бірлікті, тұрақтылықты нығайту, сонымен қатар, қоғамдық институттар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстарды енгізу жайын қозғады. Сонымен қатар, жын барысында қатысушылар «Татуластыру: сотқа дейін, сотта» жобасын жүзеге асыру және оны насихаттауға көмек көрсететін ақсақалдар мен құрметті адамдардан тұруы керек деген ұсынысын білдірді.

Соңында кеңес мүшесі ардагерлері арасынан Төбе би – аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов, екі  Би – ауданның Құрметті азаматтары Кемелбек Беспаев пен  Жұманғали Кұмғанбаев және хатшысы болып Шаймерден Мырзалиев сайланды.

Мұхтар Манекеев

Leave A Reply

Your email address will not be published.