Бір оқушыға 150 мың теңге: 2026 жылы Қазақстанда баланы мектепке дайындау қанша болады

11
Келесі аптада оқу жылының алғашқы күндері басталады. Қазақстанда 1 қыркүйек – білім күні. Соңғы аптада ата-аналар базар мен электронды маркетплейстерді қарап, баласына киім-кешектерді түгендеп жатыр. Жалпы бүгінде бір баланы мектепке дайындау қанша теңге тұрады?

Оқу жылы басталар алдында ата-ананың шығыны бір ғана мектеп формасымен шектелмейді. Баланың сыныбына қарай оған мектеп формасы, аяқ киім, спорттық киім, сөмке, кеңсе тауарлары, дәптерлер мен басқа да қажетті заттар керек.

Әсіресе бірінші сыныпқа баратын баланы дайындау кезінде шығын көбірек болуы мүмкін. Себебі ата-ана мектепке алғаш баратын баласына қажетті дүниелердің барлығын жаңадан сатып алады. Ал жоғары сынып оқушыларының кейбір заттарын өткен оқу жылынан кейін қайта пайдалануға мүмкіндік бар.

Базарда баға қанша?

Stan.kz тілшісі Алматының ең шетінде орналасқан Кенжехан-2 базарына барды. Ол жақта қазір мектепке дайындық қызу жүріп жатыр. Сатып алушылардың көптігінен, кей сатушылардың тауар бағасын айтуға уақыты жоқ, тіпті түскі ас ішуге де уақыт таппай жатыр деуге болады.

Фото: Stan.kz

Базарда мектепке арналған сөмкенің бағасы 5000-20 000 теңге аралығын қамтиды. Сатушының сөзінше, сөмкенің бағасы көлеміне, сапасына қарай өседі. Кейін базардағы кеңсе тауарларының бағасын шолып шықтық.

  • Дәптер – 1 дана 25 тг
  • Қалам – 1 дана 150 тг
  • Клей 300-500 тг аралығында
  • Түрлі түсті қарынташтар 24 дана – 1200 тг
  • Қарындаш – 1 дана 150 тг
  • Ұштағыш – 1 дана 100 тг
  • Күнделік – 1 дана 300 тг
  • Дәптер қаптағыш (50 дана) – 700тг
  • Пенал – 2000 тг

Мектепке дайындық кезінде ең көп қаражат киім-кешекке жұмсалады. Оның ішінде ұлдарға костюм-шалбар, бірнеше жейде, аяқ киім және дене шынықтыру сабағына арналған спорттық киім қажет.

Қыздарға мектеп формасынан бөлек блузка, белдемше немесе сарафан, аяқ киім және спорттық киім алынады. Сонымен қатар ата-аналар баланың күнделікті киетін киімі тез тозып қалмауы үшін бір ғана жиынтықпен шектелмей, бірнеше нұсқа сатып алуға тырысады. Мектеп формасына қойылатын талаптар да шығын көлеміне әсер етеді. Кей оқу орындарында киімнің түсі мен үлгісіне қатысты нақты талаптар болса, кей ата-ана баласына ыңғайлы әрі ұзаққа жететін сапалы киім таңдауға мән береді.

Бұдан бөлек, баланың бойы мен өлшемі оқу жылы ішінде өзгеруі мүмкін. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналар киімді бір жылға ғана есептеп сатып алуға мәжбүр болады. Сондықтан мектепке қажетті киім-кешектің жалпы құны отбасының шығынында едәуір орын алады.

  • Мектеп формасы – 11 000 тг. Екі шалбар алған жағдайда жалпы бағасы 14 000 теңге.
  • Жейде мен блузка – 3000-6000 тг
  • Шалбар – 10 000-15 000
  • Сарафан – 5000 тг
  • Аяқ киім – 8000-15 000 тг
Фото: Stan.kz

Жасөспірімдерге арналған мектеп формасының бағасы шамамен 15 000 теңгеден басталады. Спорттық киімдер алған жеріңіз бен оның брендіне қарай өзгереді. Сатушылардың мәліметінше, мектеп формасының түсі әртүрлі. Көбіне қара көк түсті формалар көп сатылады. Жалпы алғанда бір баланы толықтай киіндіру 50 000 мен 70 000 аралығында болады. Бірақ дәл осы бағада бір баланы киіндіріп шығасыз деген сөз емес. Балаңыздың таңдауы мен ұнатқан затына байланысты бұл бағадан да асып кетуі ықтимал.

“Әркім өзінің мектептерінің стандартына сай әртүрлі түсті форма алады. Көбі қара көк түсті форма алады. Содан кейін қара түсті. Бірақ кейбір ата-аналар сұр түсті форманы іздеп келіп жатады, алайда дәл сұр түсті форма бұл базарда тапшы”, – деп айтты базардағы сатушылардың бірі.

Расымен де, базардағы сатылымда тұрған формалардың ішінен сұр түстіні табу қиын. Тіпті мүлдем жоқ деуге де болады.

Қала ішіндегі дүкендердің бағасы қанша?

Алматы тұрғыны Аида қызын киімі мен оқу құралдарына 150 мың теңге жұмсаған. Оның таңдауы сауда орталықтарындағы дүкендерге түскен.  Шығындардың негізгі бөлігі киім-кешек пен аяқ киімге жұмсалды. Ал көпшілік күткендей, кеңсе тауарлары мектепке қажетті заттардың ішіндегі ең қымбаттарының бірі емес, керісінше, салыстырмалы түрде ең қолжетімді шығындардың қатарында болды.

Егер қала ішінде баланы киіндіремін деп шешесеңіз онда сізді осы сандар күтіп тұр.

  • Блузка – 2, біреуі 10 000 екіншісі 13 000 тг
  • Кардиган – 25 000 тг
  • Юбка – 7500 тг
  • Сөмке – 20 000 тг
  • Спорттық киімдер – 15 000 тг
  • Кроссовки – 20 000 тг
  • Туфли – 15 000 тг
  • іш көйлек пен бантик – 5850 тг.
  • оқу құралдарына – 20 000 тг.

Threads әлеуметтік желісіне де бұл туралы ата-аналар жазып жатыр.

“Биыл оқушылардың мектеп киімдері арзан сияқты ма, қалай? Бес балаға 750 000 теңге кетті деп көршім қуанып жүр әйтеуір”, – деп жазды Threads қолданушысы.

“Мен мүлдем киімге 25 мың теңге ғана жұмсадым, барлығы люкс сападағы киімдер”

“750 мың 5 балаға қымбаттау, 400 мыңға толықтай киіндіріп шығуға болады”

“2 балама 300 мың кетті әлі жолда келе жатқандары бар. Мектеп формасын күтіп Түркиядан күтіп отырмыз” деп жазды пікірлер алаңына.

Яғни, бұл адамдарды қала ішіндегі дүкендерден балаларын киіндірді деп есептесек, онда қала ішіндегі дүкендерде баға тұрақсыз екенін байқауға болады.

Маркетплейстердегі баға қанша?

Соңғы жылдары ата-аналардың бір бөлігі мектепке қажетті тауарларды базардан емес, маркетплейстерден сатып алуға көшкен. Мысалы, Қазақстандағы онлайн дүкендердегі орташа бағаларды салыстырған зерттеуде ұл баланың мектепке қажетті киімі мен аяқ киіміне шамамен 80 мың теңге жұмсалатыны көрсетілген. Ал Қытайдың онлайн платформаларынан ұқсас тауарларды шамамен 39 мың теңгеге алуға болады. Кеңсе тауарларында да айырмашылық бар: Қазақстандағы онлайн дүкендерде орташа есеппен 23 мың теңге болса, Қытай маркетплейстерінде шамамен 13,6 мың теңге. Тапсырысты үйге дейін жеткізу әрине кімге ұнамайды? Дегенмен мұндай жағдайда тауардың сапасы мен жеткізу мерзімін ескеру керек. Қытайдан тапсырыс берілген тауардың Қазақстанға жетуіне бірнеше апта кетуі мүмкін. Сондықтан оқу жылы басталардан бірнеше күн бұрын тапсырыс беру тәуекелді.

Kaspi маркетплейсіндегі мектеп оқушысына арналған сөмкелердің бағасы 9 300-ден 45 742 теңгеге дейін барады. Кеңсе тауарларының бағасы да базардағы бағамен шамалас.

  • Дәптер – 34 тг
  • Түрлі түсті қарандаштар (24 дана) – 1550 тг
  • Пенал – 3000 теңгеге дейін
  • Қалам – 99 тг
  • Желім – 320 тг
  • Ұштағыш – 238 тг
  • Сызғыш – 400 тг
  • Қарандаш – 10 тг
  • Дәптерге арналған қаптағыш (25 дана) – 980 тг

Мектеп формасына келер болсақ, олардың бағалары әртүрлі.

  • Пиджак – 12 000-70 000 тг
  • Шалбар – 6500-13 000 тг
  • Жилет – 2400-19 112 тг
  • Блузка – 8500-44900 тг
  • Юбка – 2368-12792 тг
Фото: Stan.kz

Биыл бір баланы маркетплейс арқылы мектепке толық дайындау үшін орта есеппен 100 мың теңгеден астам қаражат қажет. Алайда барынша үнемдеп, тек ең қажетті заттарды сатып алған жағдайда шығынды 60-90 мың теңгеге дейін түсіруге болады. Шенеуніктер де осындай қорытындыға келді. Оқу жылы басталар алдында Алматыда дәстүрлі түрде «Мектепке жол» акциясы өтеді. Аз қамтылған отбасыларға бір балаға 60 мың теңгеден бөлінеді. Мұндай әлеуметтік көмекті 7 мыңға жуық оқушы алды. Ал бірнеше ауыстыратын форма, сапалы аяқ киім, ортопедиялық сөмке мен қымбаттау кеңсе тауарлары таңдалса, сома 200-300 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Осылайша, баланы мектепке дайындау кезінде шығын тек негізгі оқу құралдарымен шектелмейді. Киім-кешек, аяқ киім, сөмке, кеңсе тауарлары мен спорттық киімнің әрқайсысы ата-ананың бюджетіне салмақ түсіреді. Ал бала саны бірнешеу отбасылар үшін бұл шығын одан да көбейеді. Сондықтан ата-аналардың көпшілігі мектепке қажетті заттарды алдын ала алып, бірнеше дүкен мен маркетплейстегі бағаларды салыстыруға тырысады. Кейбірі былтырғы оқу жылынан қалған, пайдалануға жарамды заттарды қайта қолданса, енді бірі жеңілдіктер мен жаппай сатылымдарды күтеді.

Мектепке дайындық – әр отбасы үшін жыл сайын қайталанатын шығын. Сондықтан ең бастысы – баланың барлық қажеттілігін алдын ала тізіп, отбасы бюджетіне қарай жоспарлау. Қажетті заттарды бірден түгел сатып алмай, бағасын салыстырып алу да шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Ал ата-аналар биыл бір баланы мектепке дайындауға қанша қаражат жұмсағанын әлеуметтік желіде белсенді талқылап жатыр. Бірі үнемдеп жинауға тырысса, енді бірі баласына сапалы әрі ұзақ киілетін заттарды таңдағанын айтады.

Stan.kz

Фото: Stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.