Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жамбыл облысында сайлауды ұйымдастыру және өткізу барысымен танысты

32

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ерман Мұхтар Тілдәбекұлы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі сайлауға дайындық барысымен танысып, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын зерделеді.
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізуге өңірдің дайындығын бағалау, сайлау комиссияларының жұмысын, сондай-ақ, сайлау процесіне қатысушылардың даярлық деңгейін және сайлау учаскелерінің әзірлігін жергілікті жерде зерделеу.
Сапар барысында сайлау процесінің негізгі бағыттары – учаскелік сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру, комиссия мүшелерін оқыту, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы, жаңадан құрылған сайлау учаскелерінің жұмысы, цифрлық технологияларды пайдалану және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылды.

Сайлау учаскелерінің дайындығы зерделенді

Жұмыс сапары Тараз қаласының білім бөлімінің Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы ғимаратында орналасқан №58 сайлау учаскесінің жұмысымен танысудан басталды.
Мұхтар Ерман учаскелік сайлау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру барысын қарап, сайлау учаскесінің алдағы сайлауға дайындығына назар аударды.
№58 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Киял Абитова сайлау учаскесінің сайлауға дайындығы, комиссия мүшелерінің дайындығы және учаскеде сайлау процесін тиісті деңгейде ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар туралы баяндады.

Сонымен қатар, учаскеде дауыс берушілер үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету, сайлау рәсімдерін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өткізу және комиссия мүшелерінің өз міндеттерін сапалы орындауға әзірлігі жөнінде ақпарат берілді.
Сапар барысында, сайлау учаскесінде дауыс берушілер үшін қолайлы жағдай жасау, сайлау рәсімдерін сапалы ұйымдастыру, комиссия мүшелерінің өз міндеттерін білуі және сайлау заңнамасының талаптарын сақтау мәселелерінің маңыздылығы атап өтілді.

Өңір басшылығымен сайлауға дайындық мәселелері талқыланды

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қабылдауында болып, кездесу барысында өңірдегі сайлау науқанына дайындықтың негізгі бағыттары талқыланды.
Атап айтқанда, сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы, сайлау учаскелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ету және сайлау процесін ұйымдастыру кезінде заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтау мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу барысында сайлауды ұйымдастыруға жауапты барлық тараптардың үйлесімді жұмысы сайлау процесінің сапалы әрі тиімді өтуінің маңызды шарты екені атап өтілді.

Мемлекеттік органдар өкілдерімен кеңес өткізілді

Жұмыс сапары аясында 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған ҚР Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерімен кеңес өтті.
Кеңеске құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Кеңесте сайлау процесін ұйымдастырудың өзекті мәселелері қаралып, мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселесіне мән берілді.
Кеңесте Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов өңірдегі сайлау науқанына дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Оның айтуынша, облыста 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарын сайлауды әзірлеу және өткізу жұмыстары сайлау заңнамасының талаптарына және күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде.
С. Айдапкелов сайлау инфрақұрылымының дайындығына тоқталып, алдағы сайлауды өткізуге облыс бойынша 532 сайлау комиссиясы жұмылдырылғанын атап өтті. Оның ішінде 12 аумақтық және 520 учаскелік сайлау комиссиясы. Учаскелік комиссиялардың 499-ы ашық, 21-і жабық учаске ретінде жұмыс істейді. Комиссия құрамдарында барлығы 3702 комиссия мүшесі бар. Олардың 92,4 пайызының сайлау жүйесінде тәжірибесі бар. Бүгінде комиссия құрамдарында бос орындар жоқ.
Сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары да бекітілген күнтізбелік және медиа-жоспарларға сәйкес жүзеге асырылуда. Өңірде сайлау учаскелерінің шекаралары, комиссиялардың орналасқан жерлері, үгіт жүргізуге арналған орындар мен саяси партиялардың сайлаушылармен кездесулерінің кестелері туралы ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында, аумақтық сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланған.
Сайлаушыларды ақпараттандыру мақсатында ақпараттық-күнтізбелік баннер әзірленіп, халық көп шоғырланатын орындар мен елдімекендердің ірі көшелеріне орналастырылған.
Сайлаушылар тізімдеріне қатысты жұмыстар да белгіленген мерзімге сәйкес жүргізілуде. 2 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдардан сайлаушылар тізімдерін қабылдап алған. 7 тамыздан бастап азаматтарға өздері туралы деректермен танысу және сайлауға шақыру қағаздарын алу мүмкіндігі берілді. Бұл жұмыстар 12 тамызға дейін аяқталады деп жоспарланған.
Бұдан бөлек, 7 тамыздан бастап сайлаушыларға есептен шығару куәліктері беріле бастады.
Сондай-ақ, азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылған сайлау учаскелерінде дауыс берудің өзге уақытын белгілеу мәселесі де реттелген. Мұндай учаскелердің тізбесі аумақтық сайлау комиссияларының шешімдерімен бекітіліп, сайлаушылардың назарына жеткізілген. Оның ішінде Тараз қаласында – 18, Жуалы ауданында – 2 және Қордай ауданында – 1 учаске бар.
Сайлау күні учаскелерде «электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн-сервистерді іске қосу жоспарлануда. Облыс бойынша тексеру сервисі 328, тіркеу сервисі 15 сайлау учаскесінде қолжетімді болады. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру үшін әрбір учаскелік сайлау комиссиясынан екі комиссия мүшесінен бекітіліп, алдағы күндері оларды арнайы оқыту жүргізіледі.
С. Айдапкелов материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Оның мәліметінше, облыстағы барлық 520 сайлау учаскесі талапқа сай жабдықталған. Оның ішінде, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау учаскелеріне және дауыс беру кабиналарына кедергісіз кіруі мен дауыс беруіне қажетті жағдайлар қамтамасыз етілген.
Аумақтық сайлау комиссиялары учаскелік комиссияларды қажетті заңнамалық және ақпараттық-әдістемелік материалдармен, журналдармен, брайль қарпімен дайындалған трафареттермен, кеңсе және басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз еткен.
Сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту жұмыстары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бекіткен оқу-жоспарына сәйкес екі кезеңде жүргізілуде. Бірінші кезеңде аумақтық сайлау комиссияларының толық құрамы және учаскелік комиссиялардың басшылық құрамы оқытылса, екінші кезеңде учаскелік комиссиялардың қатардағы мүшелерін оқыту жұмыстары жалғасуда.
Бұдан бөлек, сайлау процесіне қатысатын жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін оқыту жұмыстары ұйымдастырылған.

Кеңесте сайлауды байқау институтының жұмысы да назардан тыс қалмады. Бүгінде, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясында сайлауды байқау жөніндегі бес өңірлік қоғамдық бірлестік аккредиттелген.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы аккредиттеген халықаралық ұйымдардың, оның ішінде ЕҚЫҰ миссиясының ұзақ мерзімді байқаушылары өңірге келіп, 20 және 30 шілдеде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының қабылдауында болған. Сайлау қарсаңында қысқа мерзімді шетелдік байқаушылардың да өңірге келуі күтілуде.
Сөз соңында Серғали Айдапкелов Жамбыл облысында Құрылтай депутаттарын сайлауды өткізуге дайындық жұмыстары белгіленген талаптар мен мерзімдерге сәйкес жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, кеңесте сайлау учаскелерінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, сайлау процесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, ұйымдастырушылық мәселелердің алдын-ала шешілуі және сайлау науқаны барысында туындауы мүмкін жағдайларға дайын болу мәселелері талқыланды.
М. Ерман сайлау процесінің барлық кезеңінде заңдылықты, ашықтықты және ұйымдастырушылық тәртіпті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Сайлау комиссияларын оқытудағы цифрлық технологиялар

Жұмыс сапарының маңызды бағыттарының бірі – сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту және олардың практикалық даярлығын жетілдіру болды.
Осы мақсатта ОСК төрағасының орынбасары Жамбыл политехникалық жоғары колледжі ғимаратында орналасқан IT алаңында болып, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талгат Жамалов пен Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Уалихан Байдуанов IT алаңының мүмкіндіктерін таныстырды.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде заманауи цифрлық жабдықтар көрсетіліп, оларды сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту процесінде пайдалану мүмкіндіктері таныстырылды.
IT алаңының жұмысы комиссия мүшелерінің практикалық дағдыларын жетілдіруге, оқыту процесін заманауи технологиялармен қамтамасыз етуге және сайлау процесіне қатысушылардың цифрлық технологияларға қабілеттерін арттыруға бағытталған.
Сапар барысында комиссия мүшелерін оқыту кезінде ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану, практикалық сабақтардың сапасын арттыру және сайлау процесінің түрлі кезеңдерін модельдеу мүмкіндіктері қаралды.

Тараз қаласының учаскелік сайлау комиссияларына арналған оқыту семинарына қатысты

М. Ерман сапар бағдарламасы шеңберінде Тараз қаласының учаскелік сайлау комиссиялары мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларына арналған оқыту-семинарына қатысты.
Оқыту барысында сайлау комиссиялары мүшелерінің практикалық даярлығын арттыру, сайлау рәсімдерін заңнама талаптарына сәйкес орындау, сайлау құжаттарымен жұмыс істеу және дауыс беру күні туындауы мүмкін жағдайларға дайын болу мәселелері қамтылды.
Мұхтар Тілдәбекұлы сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби дайындығы сайлауды сапалы ұйымдастырудың маңызды құрамдас бөлігі екенін және учаскелік сайлау комиссиялары деңгейінде жүргізілетін оқыту жұмыстары комиссия мүшелерінің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, сайлаушылардың конституциялық құқықтарын іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жаңадан құрылған сайлау учаскесінің жұмысымен танысты

М. Ерман жұмыс сапары барысында Тараз қаласы Жібек жолы ауданы «Бәйтерек» шағын ауданында орналасқан жаңадан құрылған №525 сайлау учаскесінің жұмысымен де танысты.
Аталған сайлау учаскесінде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруына арналған арнайы модульдік учаске ұйымдастырылған. Бұл жұмысты облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Абылхайыр Боранбаев пен Тараз қалалық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арын Аскарбеков таныстырды.
Аталған учаскенің негізгі ерекшелігі – ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға сайлау процесіне өз бетінше және барынша ыңғайлы қатысуына мүмкіндік беретін заманауи технологиялық шешімдердің қарастырылуы.
Атап айтқанда, модульдік учаскеге жақындаған кезде арнайы қозғалысты сезгіш құрылғы іске қосылып, азаматтарға сайлауға қатысты қажетті ақпаратты аудио форматта жеткізетін ақпараттық аудиороликтер автоматты түрде ойнатылады. Бұл — әсіресе көру қабілеті бұзылған азаматтарға сайлау учаскесінің қызметі, дауыс беру тәртібі және қажетті әрекеттер туралы ақпаратты өзіне ыңғайлы форматта алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, учаске ішінде сенсорлық экранмен жабдықталған теледидарлар орнатылған. Олардың көмегімен сайлауға қатысты ақпаратты визуалды форматта алуға болады. Бұдан бөлек, сурдоаударма қызметіне тікелей қосылу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни есту қабілеті бұзылған азаматтар қажет болған жағдайда сурдоаудармашымен қашықтан байланысып, сайлау процесіне қатысты ақпарат пен түсіндірмелерді ымдау тілі арқылы ала алады.
Осылайша, №525 сайлау учаскесіндегі модульдік шешімдер мүгедектігі бар азаматтардың сайлау процесіне қатысуына қолайлы әрі қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл – сайлау учаскелерінің қолжетімділігін арттырумен қатар, әр азаматтың сайлау құқығын тең жағдайда жүзеге асыруына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Фарида Шортанбекова жаңадан құрылған учаскенің жұмысын ұйымдастыру, комиссия мүшелерінің даярлығы және сайлау процесін өткізуге дайындық барысы туралы баяндады.
Жаңа сайлау учаскесінің жұмысын алдын-ала зерделеу оның сайлау күніне дейін толыққанды әзірлігін қамтамасыз етуге, ұйымдастырушылық мәселелерді уақытылы анықтауға және қажетті шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

Іссапар қорытындысы бойынша, М. Ерман сайлау комиссияларының кәсіби даярлығын одан әрі арттыру, сайлау учаскелерінің дайындығын қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылын күшейту қажеттігін, сонымен қатар, сайлауды ұйымдастырудың барлық кезеңінде заң талаптарын сақтау, сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан сайлау комиссияларының қызметін жетілдіруге, олардың кәсіби даярлығын арттыруға және сайлау процесін ұйымдастырудың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.