2026 жылы Жамбыл облысының аудандары мен Тараз қаласында білім беру ұйымдарында оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметтерін мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілді. Соның ішінде тек Тараз қаласында ғана осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Тараз қаласының білім беру ұйымдарында тамақтандыру қызметтерін ұйымдастыру бойынша өткізілген конкурстардың қорытындысы бойынша мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету саласында тәжірибесі жоқ мынадай әлеуетті өнім берушілер жеңімпаз деп танылды:
- «MKM» ЖК – 5 лот, жалпы сомасы 94 600 000 теңге;
- «НАСС» ЖК – 4 мектеп, жалпы сомасы 122 938 000 теңге;
- «DISCOVERY TARAZ» ЖШС – 13 мектеп, жалпы сомасы 313 752 000 теңге;
- «JETISU SERVICE» ЖШС – 4 мектеп, жалпы сомасы 23 100 000 теңге.
Конкурсқа қатысқан жергілікті әлеуетті өнім берушілердің ішінен «Төксейітов А.» ЖК 13 мектеп бойынша жалпы сомасы 500 млн теңгеден астам келісімшарттың жеңімпазы атанды. Аталған кәсіпкер өткен жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы мектепте 44 оқушы мен 2 мұғалімнің жаппай улануына байланысты қоғам назарында болған.
Сонымен қатар конкурсқа «Аслан-2013» ЖК, «Абдулла Групп» ЖК және «Global Express Ltd» ЖШС сияқты әлеуетті өнім берушілер де қатысты.
Жоғарыда аталған өнім берушілер конкурсқа ұсынған өтінімдерінде аспаздар мен ас үй жұмысшыларын көрсеткен. Алайда олардың басым бөлігі Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарының тұрғындары болып табылады. Осыған байланысты аталған қызметкерлердің шын мәнінде Жамбыл облысы мен Тараз қаласында еңбек қызметін жүзеге асыратынына күмән туындайды.
Бұдан бөлек, бір конкурс аясында бірдей аспаздардың дипломдары бірнеше әлеуетті өнім берушілер тарапынан пайдаланылғаны анықталды. Атап айтқанда, «DISCOVERY TARAZ» ЖШС, «Аслан-2013» ЖК (Жамбыл облысының Т.Рысқұлов және Шу аудандарындағы мектептерді тамақтандыру), «Global Express Ltd» ЖШС (Тараз қаласы), «Оралбаева Галия Бекешовна» ЖК (Шымкент қаласы), «Кураметова А.С.» ЖК, «Ғасыр тұлпары» ЖШС, «Думан-Азамат» ЖШС және «StroyParkCompany» ЖШС (Қызылорда облысы) бір адамдардың дипломдарын бірнеше конкурсқа пайдаланған.
Бұл дипломдар мемлекеттік сатып алу бойынша келісімшарттарға қол жеткізу мақсатында ғана қолданылғаны байқалады. Аталған аспаздардың құжаттары Шымкент, Тараз, Қызылорда және басқа өңірлерде өткізілген конкурстар кезінде әртүрлі ұйымдардың конкурс өтінімдеріне енгізілген.
Құжаттарды пайдалану кезеңінде бұл қызметкерлерге қатысты Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (ЕШЕБЖ) еңбек шарттары тіркеліп, міндетті зейнетақы жарналары аударылған.
Алайда конкурс рәсімдері аяқталғаннан кейін бұл аспаздар жұмыстан шығарылып, кейін басқа ЖШС немесе ЖК құрамына қабылданып отырған. Кейін олардың құжаттары өзге өңірлердегі мемлекеттік сатып алу конкурстарында қайта пайдаланылған.
Осының нәтижесінде бір аспаздың құжаттары бір жылдың ішінде орта есеппен жетіге жуық түрлі заңды тұлға мен жеке кәсіпкердің атынан пайдаланылуы мүмкін.
Егер зейнетақы жарналары аударылған болса, онда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, жеке табыс салығы, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, медициналық сақтандыру аударымдары және әлеуметтік салық сияқты өзге де міндетті төлемдер де төленуге тиіс еді.
Алайда аспаздардың құжаттары тек мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу мақсатында ғана пайдаланылғанын ескерсек, аталған міндетті төлемдер мен салықтардың толық көлемде төленбеген болуы ықтимал. Сондай-ақ аспаздардың өздері де қандай да бір ұйымдарда ресми түрде тіркелгенінен хабарсыз болуы мүмкін.
Сонымен қатар конкурстар өткізу кезеңдеріне қарай аспаздардың әртүрлі ЖШС мен ЖК арасында «ауысып жүруі» «DISCOVERY TARAZ» ЖШС, «Аслан-2013» ЖК, «Global Express Ltd» ЖШС, «Оралбаева Галия Бекешовна» ЖК, «Кураметова А.С.» ЖК, «Ғасыр тұлпары» ЖШС, «Думан-Азамат» ЖШС және «StroyParkCompany» ЖШС арасында алдын ала сөз байласу белгілерінің болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Осыған байланысты жоғарыда аталған өнім берушілердің жалған немесе формалды құжаттарды пайдалану кезінде қылмыстық ниет пен өзара сөз байласу фактілері болған-болмағанын құқық қорғау органдары жан-жақты тексеруі қажет деп есептеймін.
Конкурс ұйымдастырушыларының әлеуетті өнім берушілерге балл қою арқылы жеңімпазды айқындау тәртібіне қатысты да күмән туындайды. Қабылданған шешімдер жоғарыда аталған өнім берушілерге негізсіз артықшылық берілгенін көрсетуі мүмкін. Кемінде бұл әрекеттер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-3-бабында көзделген балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілеріне сәйкес келуі ықтимал.
Осы мәселеге Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органы да тиісті құқықтық баға беруі қажет.
Сонымен қатар №16887545-2 (№22 мектеп), №16801241-2 (№44 мектеп) және №16887865-2 (№17 мектеп) конкурстары бойынша «MKM» ЖК-нің бірдей аспаздарды көрсетіп жеңімпаз болып танылуының заңдылығына қатысты да күмән бар. Атап айтқанда: Кондратенко Александр Александрович, Әлімбаев Ислам Алмазұлы, Ибадуллаұлы Оразбай, Әшімова Мунира Әкімжанқызы, Әлиева Әсемай Бақытбекқызы, Исмақан Бірлік Бақыткелдіұлы және Қожа Асылбек Бекмаханбетұлы.
Осыған ұқсас жағдай №16810780-2 (№47 мектеп) және №16811987-2 (№41 мектеп) конкурстары бойынша «НАСС» ЖК жеңімпаз болып танылған кезде де орын алған. Бұл конкурстарда да Рысқұл Әсел, Носуленко Алена Юрьевна, Ускова Дарья Сергеевна, Доскаранова Зухра Абдукаримовна, Чалдамбаева Сабина Джанатовна және Байкулова Балжан Мұратқызы сияқты бірдей аспаздар көрсетілген.
Қолданыстағы білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру қағидаларына сәйкес мұндай жағдайларда әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа жіберілмеуі немесе өтінімдерінің қабылданбауы көзделген.
Алайда аталған талаптарға қарамастан бұл өнім берушілердің жеңімпаз деп танылуы конкурс ұйымдастырушысының шешімдерінің заңдылығына күмән келтіреді.
Осы мәселеге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі де құқықтық баға беруі тиіс деп санаймыз.
Мемлекет басымдықтарының бірі – балалардың үйлесімді әрі жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен денсаулығын қорғау. «Балалар – Қазақстанның болашағы» қағидаты әрдайым мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.
Осыған байланысты аталған жағдайға құқықтық баға беріп, жан-жақты тексеру жүргізілуі қажет.