Қазақстанның өнеркәсіп кәсіпорындары суды қайта пайдалану және айналымдағы сумен жабдықтауға көшу бойынша 170-ке жуық жоспар әзірледі
Былтыр қабылданған жаңа Су кодексіне сәйкес, Қазақстандағы өнеркәсіп кәсіпорындары мен жылу энергиясын өндіруші ұйымдар суды қайта пайдалану және айналымдағы сумен жабдықтау жүйесіне кезең-кезеңімен көшуге арналған бес жылдық жоспар әзірлеуге міндетті. Сондай-ақ қолданыстағы сумен жабдықтау жүйелері ең озық қолжетімді технологияларды қолдана отырып жаңғыртылуы тиіс. Бүгінде осындай 168 жоспар әзірленген.
Мұндай құжаттарды еліміздегі барлық өнеркәсіп кәсіпорындары мен жылу энергиясын өндіруші ұйымдар дайындауы қажет. Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі осы кәсіпорындар мен ұйымдарға түгендеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар айналымдағы және қайта пайдаланылатын сумен жабдықтау жүйесіне көшу жөніндегі жоспарларды орындамаған жағдайда рұқсат етілетін су пайдалану көлемін қысқартуды көздейтін нормативтік құқықтық актілер әзірленіп жатыр.
Еске салсақ, Қазақстанда жыл сайын шамамен 25 млрд текше метр су тұтынылады. Оның 25%-ға жуығы өнеркәсіп саласының қажетіне жұмсалады.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі