Көлбастаудың жаңа тынысы: Ауылға сапалы ауыз су келді

136
Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында көптен күткен маңызды инфрақұрылымдық жоба – «Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау ауылына ауыз су құрылысы» жобасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Бейбітбекұлы Керемқұлов, Жуалы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Есенбекұлы Жатқанбаев, ардагерлер, ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Есенбекұлы Жатқанбаев тұрғындарды маңызды жобаның жүзеге асуымен құттықтап, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған мұндай инфрақұрылымдық бастамалардың мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Аталған жоба аясында ұзындығы 21 шақырым 664 метр ауыз су құбыры тартылып, 714 тұрғын үй сапалы ауыз сумен қамтылды. Нәтижесінде 3927 ауыл тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізіп, ауыл халқының тұрмыс деңгейін арттыруға мүмкіндік жасалды.
Құрылыс жұмыстарын «Интеллект Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Салтанатты жиында жобаның уақытылы әрі сапалы орындалуына үлес қосқан мердігер мекеме мен құрылысшылардың еңбегі ерекше аталып өтті.
Іс-шараның ең әсерлі сәті – жаңа ауыз су нысанының лентасын қию рәсімі болды. Осылайша Көлбастау ауылында жаңа ауыз су жүйесі ресми түрде іске қосылып, тұрғындардың игілігіне берілді.
Бұл жоба – Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларының нақты көрінісі. Елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Leave A Reply

Your email address will not be published.