Жамбыл облысында интернет сапасы артып келеді: 265 ауыл 4G желісімен қамтылған

21

Жамбыл облысында байланыс және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Негізгі мақсат – тұрғындарды сапалы байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету, интернет қолжетімділігін арттыру және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Қазіргі таңда облыстағы 353 елді мекеннің 265-і немесе 75,1 пайызы 4G мобильді интернетімен қамтылған. Ал 48 елді мекенде 3G, 40 ауылда 2G байланысы жұмыс істейді.

Талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша да жұмыстар жалғасуда. Бүгінде облыстағы 357 елді мекеннің 189-ы немесе 50,9 пайызы талшықты интернетке қосылған. Қалған 168 елді мекенді кезең-кезеңімен қамту жоспарланып отыр.

Жамбыл облысы әкімдігі мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп бекіткен 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында интернет сапасын жақсарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоспарға сәйкес 208 елді мекенде интернет сапасын 4G деңгейіне жеткізу көзделген болса, бүгінгі күнге дейін оның 152-сінде жұмыстар аяқталған.

Байланыс операторлары арасында ең ауқымды жұмыстарды «Кар-Тел» ЖШС жүргізуде. Компания жоспарланған 89 елді мекеннің 76-сында интернет сапасын жақсартқан. Ал «Кселл» АҚ 51 елді мекеннің 48-інде жұмыстарды аяқтаса, «Мобайл-Телеком Сервис» ЖШС 68 елді мекеннің 28-інде жобаны іске асырған.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірде 76 жаңа базалық станция салынып, 102 базалық станция жаңғыртудан өтті. Бұл өз кезегінде байланыс сапасын арттырып, интернет жылдамдығын жақсартуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық маңызы бар жолдардың бойында антенна-діңгек құрылғыларын салу көзделген. Жоба бойынша Шақпақата – Отар бағытында 7, ал Мойынқұм ауданындағы Хантау – Ақсүйек және Бурылбайтал – Қашқантеңіз бағыттарында 4 антенна-діңгек құрылысын орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін бастау көзделуде.

Өңірде заманауи 5G технологиясын енгізу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Бүгінде «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС Тараз қаласында 61 базалық станцияны іске қосқан. Нәтижесінде облыс орталығының бірқатар шағынаудандары мен көшелерінде жаңа буындағы жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді бола бастады.

Мамандардың айтуынша, байланыс инфрақұрылымын дамыту өңір экономикасының цифрлануына, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне және тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына оң әсер етеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.