Жаңа Конституцияның жобасы жарияланды

43
Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілу ұсынылады
АСТАНА, 31қаңтар- Sputnik. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады.
Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды мұқият талдаудың, ашық қоғамдық талқылаулардың, сондай-ақ жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде пайда болды.
Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс.
Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді.
Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Осылайша, адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана бекітіліп қоймай, бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы әрі мағыналық өзегі ретінде айқындалған.
Дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып бекітіледі. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалады.
Неке ер адам мен әйел адамның ерікті және тең құқықты одағы екендігі туралы ереже енгізіледі. Бұл шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Конституция жобасының негізгі новеллаларының ішінде мыналарды атап өтуге болады:
145 депутаттан тұратын және жаңа, кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құрылады. Оны құру кезінде пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды.
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады.
Жалпы Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілу ұсынылады.
Жаңа Ата Заңының жобасының толық нұсқасын мына жерден көруге болады.
Президентке Конституциялық комиссия жұмысының нәтижелері жөнінде ақпарат берілді - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.01.2026

Тоқаев Конституциялық комиссияның жұмысына баға берді
© Sputnik / Владислав Воднев
sputnik.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.