Қалада құрылыс қызып жатыр

164

Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтуде. Брифингте шаһар басшысы қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының барысымен таныстырды.

– Қазіргі таңда пәтер алу кезегіне қаламызда 30 мыңнан аса азамат тіркелген. Бұл – қоғамдағы өзекті мәселе. Сондықтан баспана мәселесін шешу үшін де шаһарымызда атқарылып жатқан ауқымды құрылыс жұмыстары бар.

Ағымдағы жылы қала аумағында бюджет есебінен 48 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Айталық, «Шапағат» (16) шағынауданында 16 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12-сі пайдалануға берілді, қалған 4 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. «Ұлы дала» (15) мөлтек ауданында 22 үйдің құрылысы жүргізіліп жатса, оның 10-ы пайдалануға қабылданды. «Балауса» (14) мөлтек ауданында 22 көпқабатты тұрғын үй салынуда, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.

Сондай-ақ А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үйдің жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылған. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылы басталады деп жоспарланып отыр.

Одан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9  млрд теңгеге 669 пәтер сатып алынған. Ал 2025 жылы 260 пәтер сатып алуға 3,8  млрд теңге қарастырылыпты. Бүгінгі күнге 228 пәтер сатып алынса, жыл соңына дейін қалған 32 пәтер сатып алынбақ.

Осылайша тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесі кезең кезеңімен шемінін табуда. 2025 жылы 10 тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 14 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Жалпы, ағымдағы жылдың 10 айында 325,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.