Қауіпсіздік – басты басымдық

15

Бүгін Қордай аудандық Мәдениет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында келелі жиын өтті.

Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков төрағалық еткен шараға ауданға жұмыс сапарымен келген Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев арнайы қатысты.

Келелі жиынға ауданның құзырлы орган басшылары, бөлім және мекеме басшылары, округ әкімдері, сондай-ақ 19 ауылдық округтен келген тұрғындар қатысып, құқықтық тәртіпке қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды.

Алғашқы сөзді Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Әбілекұлы алып, Қордай өңірінің қоғамдық ахуалына тоқталды.
– Қордай – көпұлтты, бірлігі бекем аймақ. Мұнда ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылық – даму негізі. Ауданның географиялық орналасуы қолайлы, экономикалық әлеуеті жоғары, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, — деді ол.
Сондай-ақ, генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев полиция мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен әрекеттерінің арқасында қылмыс деңгейі бақылауда екенін атап өтті.
– «Заң мен тәртіп» идеологиясы – біз үшін стратегиялық бағыт. Бұл қағидатты әр азаматтың күнделікті өмірінде берік орнықтыру – негізгі міндетіміз, — деді департамент басшысы.

Келесі кезекте Қордай аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Рауан Өскенбаев сөз алып, бөлімнің жедел-қызметтік жұмыстары жөнінде кең көлемде баяндама жасады. Ол 2025 жылдың 10 айындағы көрсеткіштерге тоқталып, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы шаралар туралы айтып өтті.
– Ауданның криминогендік жағдайы тұрақты, барлық бағыт қатаң бақылауда. Полиция қызметкерлері заңдылықты сақтау, азаматтардың құқығын қорғау қағидаттарын басшылыққа ала отырып, тұрғындармен тығыз байланыста қызмет атқарып келеді, — деді ол.
Жиында Мемлекет басшысы бастамашы болған «Ішімдіксіз ауыл» жобасының қордаланған нәтижелері де сөз болды. 2021 жылдан бастау алған жобаға қолдау білдірген алғашқы елді мекендердің бірі – Сортөбе ауылдық округіне қарасты Бұлар батыр ауылы. Бүгінде осы игі бастамаға Сортөбе ауылының да қосылуға ниет танытуы көпшіліктің құптауына ие болды.
Осыған орай генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев салауатты өмір салтын насихаттауға және ауылдағы азаматтық белсенділікті арттыруға үлес қосқан округ әкімі мен ел ағаларын арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар спирттік ішімдік сатпайтын және қолданбайтын елді мекендерде жұмыс істеп жүрген учаскелік полиция инспекторларының еңбегі де елеусіз қалмады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Бегзат Болатбеков қоғамдық қауіпсіздік – мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін айтып, ұсыныс-пікір білдірген тұрғындарға ризашылығын жеткізді.
Жиыннан соң Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығы Қайсар Әбілекұлы жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.